Табиғатты қорғау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Қоршаған ортаның тазалығы бүгінгі ұрпақтың ғана емес, келер буынның да денсаулығы мен өмір сапасына тікелей әсер етеді. Осыған орай елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және табиғатқа жанашырлықпен қарауды дәріптеуге бағытталған.
Көшелерге, саябақтарға, демалыс орындарына және су айдындарының маңына қоқыс тастау қоршаған ортаға зор зиян келтіреді. Әсіресе жаз мезгілінде табиғат аясында демалушылардың қалдырған қалдықтары экологиялық жағдайдың нашарлауына себеп болады. Әрбір азамат өзінен кейінгі аумақты таза қалдыруды әдетке айналдыруы қажет.
Тұрмыстық қалдықтардың ішінде табиғатқа ең көп зиян келтіретіндерінің бірі – пластик. Пластик бөтелкелер мен пакеттердің толық ыдырауына шамамен 400–500 жыл қажет. Алюминий банкалар 200 жылдан астам уақыт бойы табиғатта сақталады. Қарапайым қағаздың өзі бірнеше айдан бірнеше жылға дейін ыдырайды. Ал пайдаланылған батареялар құрамындағы улы заттардың әсерінен топырақ пен жер асты суларына қауіп төндіріп, ондаған жылдар бойы қоршаған ортаға зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан мұндай қалдықтарды арнайы қабылдау орындарына өткізу – экологияны қорғаудың маңызды қадамы.
Қоғамдық орындарды ластау заңмен жауапкершілікке әкеледі. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, қоғамдық орындарға қоқыс тастаған азаматтарға 43 250 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады. Бұл талап қоғамдық тәртіпті сақтауға және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Таза қоршаған орта – әрқайсымыздың күнделікті іс-әрекетімізден басталады. Қоқысты арнайы жәшіктерге тастау, қалдықтарды мүмкіндігінше сұрыптау, табиғат аясында демалғаннан кейін өз орныңызды жинастыру – үлкен өзгеріске бастайтын қарапайым әрекеттер.
Табиғатты аялау – өз болашағымызды қорғау. Қаланы таза ұстау – өз қолымызда!






