Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаевты ауыр науқасына байланысты жазасын өтеуден босату туралы бірінші сатыдағы сот қаулысының күші жойылды. Алматы облыстық соты аталған шешімнің заң талаптарына сәйкес келмейтінін анықтады, деп хабарлайды TURANINFO.KZ.
Бұған дейін, 2026 жылғы 17 қарашада, Алатау қаласының соты №57 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің Кәрім Көкірекбаевты денсаулық жағдайына байланысты жазасын одан әрі өтеуден босату туралы ұсынысын қанағаттандырған болатын.
Алайда прокуратура бұл шешіммен келіспей, сот актісінің күшін жою туралы өтінішхат енгізді.
Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы істі апелляциялық тәртіппен қарап, бірінші сатыдағы соттың заң талаптарын өрескел бұзғанын анықтады.
Сот алқасының қорытындысына сәйкес, сотталған адамның ауруының ауырлық дәрежесі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 30 маусымдағы № ҚР ДСМ-58 бұйрығымен бекітілген жазасын өтеуден босатуға негіз болатын аурулар тізбесіне сәйкес келмеген.
Осыған байланысты Алатау қаласы сотының қаулысы жойылып, №57 мекеменің сотталған адамды жазадан босату туралы ұсынысын қанағаттандырудан бас тартылды.
Прокурор мен медициналық комиссияға қатысты жеке қаулы шығарылды
Апелляциялық сот бірінші сатыдағы сот отырысына қатысқан прокурор мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің өкіліне қатысты да шара қабылдады.
Атап айтқанда, сотталған адамды жазадан босату қажеттілігі туралы негізсіз қорытынды бергені үшін Алматы облысының прокуратурасы мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің атына жеке қаулы шығарылды.
Сонымен қатар, сотталған адамның жазасын өтеуіне кедергі келтіретін ауруы бар деген негізсіз қорытынды жасаған арнайы медициналық комиссия мүшелерінің жауапкершілігін қарау үшін Денсаулық сақтау министрлігіне жеке қаулы жолданды.
Облыстық соттың хабарлауынша, апелляциялық сатыдағы сот қаулысы мен жеке қаулылар заңды күшіне енген.
Кәрім Көкірекбаев не үшін сотталған?
Кәрім Көкірекбаев 2013–2018 жылдары Жамбыл облысының әкімі қызметін атқарған. Кейін Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің басшысы болған.
2022 жылдың желтоқсанында ол аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікпен ұсталды.
2024 жылы алқабилер соты оны ақтағанымен, кейін бұл үкімнің күші жойылып, қылмыстық іс қайта қарауға жіберілді.
2025 жылғы шілдеде Кәрім Көкірекбаев аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 12 жылға бас бостандығынан айырылды.
Осылайша, бұрынғы әкімді денсаулығына байланысты жазадан босату туралы бірінші сатыдағы сот шешімі апелляциялық тәртіппен жойылды.
Дереккөз: Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі және ашық ақпарат көздері.







