

Өтінім осы форма арқылы oisheberi@gmail.com электронды почтасына жіберілуі тиіс. Өтінімде:
— ойын бағыты;
— білім беру ұйымының атауы;
— қатысушылардың аты-жөні;
— сыныбы немесе оқу тобы;
— жетекшінің аты-жөні;
— жетекшінің байланыс телефоны;
болуы тиіс.
Ойын бағыттары.
Зияткерлік ойын 4 бағыт бойынша ұйымдастырылады:
I бағыт – орта білім беру ұйымдарының 8–10-сынып білім алушылары;
Сатылары: іріктеу кезеңі, жартылай финал және финал.
II бағыт – дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарының білім алушылары;
Ойын турнирлік кесте бойынша өткізіліп, барлық ойындарда жинаған жалпы ұпай есепке алынады.
IІІ бағыт – техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері;
Ойын турнирлік кесте бойынша өткізіліп, барлық ойындарда жинаған жалпы ұпай есепке алынады.
ІV бағыт – «Ustaz».
Ойын турнирлік кесте бойынша өткізіліп, барлық ойындарда жинаған жалпы ұпай есепке алынады.
«ОЙ ШЕБЕРІ» ЗИЯТКЕРЛІК ОЙЫНЫНЫҢ ЕРЕЖЕСІ
- Жалпы ережелер
- Осы Ереже Жамбыл облысының білім беру ұйымдарының білім алушылары мен педагогтері арасында өткізілетін «Ой шебері» зияткерлік ойынын (бұдан әрі – Ойын) ұйымдастыру және өткізу тәртібін, қатысушыларға қойылатын талаптарды, ойын кезеңдерін, бағалау және жеңімпаздарды анықтау шарттарын белгілейді.
- Ойын адами капиталды дамытуға, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайтуға, білім беру, тәрбие және оқу-ағарту ісінің маңызды құрамдас бөлігі ретінде кітап оқу мәдениетін насихаттауға, зерделі ұлт қалыптастыруға, сондай-ақ шығармашыл, жасампаз және бәсекеге қабілетті тұлғаның дамуына жағдай жасауға бағытталған.
- Ойынның негізгі мақсаты – Жамбыл облысында тұрақты зияткерлік және кітап оқу ортасын қалыптастыру, білім алушылар мен педагогтердің кітап оқуға қызығушылығын арттыру, олардың ой-өрісі мен интеллектуалдық әлеуетін дамыту.
Ойын девизі: «ОЙ ШЕБЕРІ» — ОҚЫ. ТАЛДА. ЖЕҢ.
- Ойынның негізгі міндеттері:
- кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау;
- білім алушылардың кітап оқуға деген қызығушылығы мен ынтасын арттыру;
- логикалық, сыни және шығармашылық ойлау қабілеттерін дамыту;
- оқылған шығармаларды талдау, салыстыру және қорытынды жасау дағдыларын қалыптастыру;
- білім алушылардың сөздік қорын молайтып, ойын сауатты әрі жүйелі жеткізу қабілетін жетілдіру;
- жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттау;
- кейінгі буынға кеңінен таныла қоймаған жергілікті қаламгерлердің әдеби мұрасын жаңғырту;
- командалық жұмыс пен зияткерлік бәсекелестік мәдениетін дамыту;
- білім алушылар үшін тең мүмкіндік пен қолжетімді орта қалыптастыру;
- кітап оқуды тұрақты дағдыға айналдыруға ықпал ету.
- Зияткерлік ойын Жамбыл облысының әкімі Е.Қарашөкеевтің бастамасымен, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының қолдауымен, «Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізіледі. Ақпараттық серіктес: TURANINFO.KZ ақпарат агенттігі
- Зияткерлік ойынның пайдасы мен ерекшеліктері
2.1. «Ой шебері» зияткерлік ойынының 10 пайдасы
- Ойлау қабілетін дамытады.
Логикалық, сыни және шығармашылық ойлауды қалыптастырады. - Білім көкжиегін кеңейтеді.
Әртүрлі бағыттар бойынша жаңа ақпарат алуға және білім қорын толықтыруға мүмкіндік береді. - Шапшаң ойлауға дағдыландырады.
Сұрақты жылдам түсініп, қысқа уақыт ішінде нақты шешім қабылдауға үйретеді. - Зейін мен есте сақтау қабілетін арттырады.
Ақпаратты мұқият қабылдау, есте сақтау және қажетті сәтте қолдану дағдыларын жетілдіреді. - Командалық жұмысты дамытады.
Өзара пікір алмасуға, бір-бірін тыңдауға және ортақ шешім қабылдауға үйретеді. - Ойды сауатты жеткізуге үйретеді.
Кітап оқу арқылы сөздік қорды молайтып, ойды нақты, жүйелі және сауатты жеткізуге ықпал етеді. - Жеңіске деген ынтаны арттырады.
Салауатты бәсекелестік қатысушылардың белсенділігі мен білімге деген қызығушылығын арттырады. - Білім алуды қызықты форматқа айналдырады.
Зияткерлік ойын элементтері оқу мен ізденуге деген қызығушылықты күшейтеді. - Ақпаратты жан-жақты саралау қабілетін жетілдіреді.
Ақпаратты талдау, салыстыру және негізделген шешім қабылдау дағдыларын қалыптастырады. - Зияткерлік орта қалыптастырады.
Білімге, кітапқа және ізденіске құштар қатысушылардың өзара пікір алмасуына мүмкіндік береді.
2.2. Ойынның 7 ерекшелігі
- Жауапты өз қолымен жазу.
Қатысушыларға дайын жауап нұсқалары ұсынылмайды. Қойылған сұрақтарға жауап арнайы бланкіге өз қолымен жазылады. Бұл сауатты жазуға, ойды нақты тұжырымдауға және білімді өз бетінше қолдануға дағдыландырады. - Гендерлік теңдік.
Тиісті бағыттар бойынша команданың құрамында екі ер және екі қыз бала қатысады. Бұл қатысушыларға тең мүмкіндік беруге бағытталған. - Инклюзивті қатысу.
Ойынға профилактикалық есепте немесе «тәуекел тобында» тұрған, әлеуметтік осал топтағы, сондай-ақ «Алтын алқа» немесе «Күміс алқа» иегерлерінің отбасыларындағы балалардың қатысуына мүмкіндік беріледі. - Жергілікті қаламгерлердің шығармаларын насихаттау.
Ойын аясында жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары оқылып, олардың әдеби мұрасы жас ұрпаққа кеңінен таныстырылады. - Қаламгерлер мұрасын қайта жаңғырту.
Шығармалары сирек оқылатын немесе кейінгі буынға кеңінен таныла қоймаған жергілікті қаламгерлердің еңбектерін қайта оқуға және насихаттауға мүмкіндік жасалады. - Кітап оқитын орта қалыптастыру.
Қатысушыларды кітап төңірегінде біріктіріп, оқылған шығармаларды талқылауға және пікір алмасуға негізделген зияткерлік орта қалыптастырылады. - Кітап оқуды тұрақты әдетке айналдыру.
Ойынға жүйелі дайындық жасау арқылы кітап оқу бір реттік іс-шара емес, тұрақты дағдыға айналуына ықпал етеді.
III. Зияткерлік ойынға қатысу талаптары мен шарттары
3.1. Ойын бағыттары
Зияткерлік ойын 4 бағыт бойынша ұйымдастырылады:
I бағыт – орта білім беру ұйымдарының 8–10-сынып білім алушылары;
Сатылары: іріктеу кезеңі, жартылай финал және финал
II бағыт – дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарының білім алушылары;
Ойын турнирлік кесте бойынша өткізіліп, барлық ойындарда жинаған жалпы ұпай есепке алынады.
IІІ бағыт – техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері;
Ойын турнирлік кесте бойынша өткізіліп, барлық ойындарда жинаған жалпы ұпай есепке алынады.
ІV бағыт – “Ustaz”.
Ойын турнирлік кесте бойынша өткізіліп, барлық ойындарда жинаған жалпы ұпай есепке алынады.
3.2. Ойынның турнирлік сатылары
Зияткерлік ойын әр бағыт бойынша үш сатыда: іріктеу кезеңі, жартылай финал және финал түрінде өткізіледі.
1) Іріктеу кезеңі – 3 ойын.
Іріктеу кезеңінде әр команда үш ойынға қатысады. Әр ойын барысында команданың жинаған ұпайлары қосылып, үш ойынның қорытындысы бойынша жинақтаушы рейтинг қалыптастырылады.
Іріктеу кезеңінің үш ойыны Тараз қаласы мен аудандарда ұйымдастырылады. Командалар өздері тіркелген тиісті аумақта өткізілетін іріктеу ойындарына қатысады.
Үш ойынның қорытындысы бойынша ең жоғары жиынтық ұпай жинаған командалар жартылай финалға жолдама алады.
Жартылай финалға өтетін командалардың саны әр бағыт бойынша тіркелген командалардың жалпы саны мен іріктеу кезеңінің нәтижелерін ескере отырып, Ұйымдастыру комитетінің шешімімен белгіленеді.
2) Жартылай финал – 1 ойын (облыстық кезең).
Жартылай финал облыстық деңгейде өткізіледі және оған Тараз қаласы мен аудандардағы іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар қатысады.
Жартылай финал басталған кезде іріктеу кезеңіндегі үш ойын бойынша жинақталған ұпайлар есепке алынбайды. Жартылай финалға өткен барлық команда ойынды 0 ұпайдан бастайды.
Жартылай финалдық ойынның қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған командалар финалға жолдама алады.
Финалға өтетін командалардың саны Ұйымдастыру комитетінің шешімімен белгіленеді.
3) Финал – 1 ойын (облыстық қорытынды кезең).
Финал облыстық деңгейде өткізіледі және оған жартылай финалда үздік нәтиже көрсеткен командалар қатысады.
Финал басталған кезде жартылай финалда жинақталған ұпайлар есепке алынбайды. Финалға өткен барлық команда ойынды 0 ұпайдан бастайды.
Финалдық ойынның қорытындысы бойынша әр бағытта ең жоғары ұпай жинаған командалар анықталып, I, II және III орындар белгіленеді.
Ұпайлар тең болған жағдайда жеңімпаздар осы Ережеде белгіленген шешуші сұрақтар қою тәртібімен анықталады.
3.3. Оқылатын әдебиеттер
Ойын барысында сұрақтар қойылатын кітаптардың тізімі алдын ала ұйымдастырушылардың Instagram әлеуметтік желісіндегі @civil_jambyl және @oi_sheberі ресми парақшаларында жарияланады.
Қатысушыларға жарияланған әдебиеттермен алдын ала танысу және ойынға дайындалу міндеттеледі.
3.4. Ақпараттық белсенділік
Команда мүшелері әр ойын алдында ұйымдастырушылардың @civil_jambyl және @oi_sheberi ресми парақшаларын белгілей отырып, оқылған кітап бойынша кемінде 1 минуттық бейнемазмұн жариялауы тиіс.
Бейнематериалда кітаптың қысқаша мазмұны, негізгі идеясы, қатысушының кітап туралы пікірі немесе шығармадан алған әсері қамтылуы мүмкін.
Әрбір жарияланымда Ойынның үшінші маусымына арналған бірыңғай хэштегтер міндетті түрде көрсетілуі тиіс:
#ОйШебері3
3.5. Қатысушылар саны
Бір білім беру ұйымынан қатысатын командалар санына шектеу қойылмайды.
Ойынның өтетін күні, уақыты және орны ұйымдастырушылар тарапынан алдын ала хабарланады.
Орын алған топтарға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сыйлықтар қарастырылған.
- Бағыттар бойынша қатысушыларға қойылатын талаптар
4.1.I бағыт – 8–10-сынып білім алушылары
Жалпы орта білім беру ұйымдарының 8–10-сыныптарында оқитын білім алушылар және 35 жасқа дейінгі бір жетекші-педагог қатысады.
Команда құрамы – 4 білім алушы және 1 жетекші.
Команда құрамындағы төрт білім алушының:
- екеуі – ұл бала;
- екеуі – қыз бала болуы міндетті.
Команда құрамында мектепішілік немесе өзге де профилактикалық есепте тұрған, «тәуекел тобындағы», әлеуметтік осал санаттағы немесе «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлерінің отбасыларынан шыққан кемінде бір білім алушының қатысуы қарастырылады.
Жауаптылар: Тараз қаласы және аудандық білім бөлімдері.
4.2. II бағыт – дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдары
Облыстағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарының 8–10-сынып білім алушылары және 35 жасқа дейінгі бір жетекші-педагог қатысады.
Команданың нақты құрамы II бағытқа қойылатын талаптарға сәйкес белгіленеді.
Жауапты: Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығы» КММ.
4.3. III бағыт – техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары
Бұл бағытқа облыстың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алатын студенттер және 35 жасқа дейінгі бір жетекші-педагог қатысады.
Команда құрамы – 4 студент және 1 жетекші.
Команда құрамындағы төрт студенттің:
- екеуі – ер;
- екеуі – қыз болуы міндетті.
Жауапты: Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының «Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығы» КММ.
4.4. IV бағыт – «Ustaz»
Бұл бағытқа білім беру ұйымдарының педагогтар қатысады.
Команда құрамы кемінде 2, ең көбі 5 педагогтен құралады.
Педагогтердің жасына шектеу қойылмайды.
Команда құрамындағы қатысушылардың барлығы педагогикалық қызмет атқаратын тұлғалар болуы тиіс.
Жауапты: Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы
4.6. Қатысушылардың киім үлгісі
Ойынға қатысушылар бірыңғай классикалық іскерлік үлгідегі киіммен қатысады.
V. Зияткерлік ойынның құрылымы
Зияткерлік ойын 6 кезеңнен тұрады.
Әр кезеңде 7 сұрақтан, барлығы 42 сұрақ қойылады.
Әр дұрыс жауап үшін командаға 1 ұпай беріледі. Бір ойын барысында жинауға болатын ең жоғары ұпай – 42 ұпай.
1-кезең – Oi-Like
Жеңілдетілген және жалпы зияткерлік бағыттағы сұрақтар.
2-кезең – Oi-Cloud
Алдын ала ұсынылған кітаптар бойынша сұрақтар.
3-кезең – Ой-Qas
Алдын ала ұсынылған кітаптар бойынша сұрақтар.
4-кезең – Ой-Lan
Алдын ала ұсынылған кітаптар бойынша сұрақтар.
5-кезең – Ой-Boi
Алдын ала ұсынылған кітаптар бойынша сұрақтар.
6-кезең – Ой-Bai
Алдын ала ұсынылған кітаптар бойынша сұрақтар.
- Сұрақтарға жауап беру тәртібі
6.1. Әр сұрақ ұйымдастырушылар бекіткен арнайы үлгідегі бланкіде беріледі.
6.2. Қатысушылар сұрақтың жауабын белгіленген орынға өз қолымен анық және түсінікті етіп жазуы тиіс.
6.3. Жауап нұсқалары ұсынылмайды.
6.4. Әр сұраққа жауап беру үшін белгіленген уақыт аяқталғаннан кейін жауап бланкілері ұйымдастырушылар тарапынан жиналады.
6.5. Белгіленген уақыттан кейін жазылған немесе өзгертілген жауаптар есепке алынбайды.
6.6. Бірнеше жауап жазылған жағдайда, егер сұрақта бірнеше жауап беру қажеттілігі арнайы көрсетілмесе, жауап дұрыс деп есептелмейді.
6.7. Жауаптың мағынасы дұрыс болғанымен, жазылуы түсініксіз немесе бірнеше мағынада оқылатын жағдайда шешімді қазылар алқасы қабылдайды.
VII. Ойын кезіндегі тәртіп
7.1. Қатысушылар ойын барысында ұйымдастырушылардың талаптарын және белгіленген тәртіпті сақтауға міндетті.
7.2. Ойын барысында:
- басқа командалармен сөйлесуге;
- жауапты дауыстап айтуға;
- басқа командалардың жауабын көруге немесе көшіруге;
- ұялы телефон, смарт-сағат, планшет, құлаққап және өзге де электрондық құрылғыларды пайдалануға;
- кітаптарды, жазбаларды және қосымша ақпарат көздерін пайдалануға;
- басқа қатысушыларға әдейі кедергі келтіруге;
- ойын тәртібін бұзуға жол берілмейді.
7.3. Тәртіп бұзушылық алғаш рет анықталған жағдайда командаға ескерту беріледі.
7.4. Қайталанған немесе ойын нәтижесіне тікелей әсер ететін өрескел тәртіп бұзушылық анықталған жағдайда команда ұйымдастыру комитетінің шешімімен ойыннан шеттетілуі мүмкін.
7.5. Команданы ойыннан шеттету туралы шешім кемінде екі ұйымдастырушы немесе қазылар алқасының өкілі тіркеген фактінің негізінде қабылданғаны дұрыс.
VIII. Ұпайларды есептеу және жеңімпаздарды анықтау
- Әр дұрыс жауап – 1 ұпай.
- Әр ойын бойынша командалардың жинаған ұпайлары хаттамаға енгізіледі.
- Іріктеу кезеңіндегі үш ойынның ұпайлары жинақталып, командалардың жалпы рейтингі жасалады.
- Ұпай саны тең болған жағдайда басымдықты анықтау үшін ұйымдастырушылар қосымша сұрақтар қояды.
- Жартылай финалға өткен кезде іріктеу кезеңінің ұпайлары, ал финалға өткен кезде жартылай финал ұпайлары есепке алынбайды.
- Финал қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған командалар I, II және III орындардың иегерлері болып танылады.
- Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және ұйымдастырушылар белгілеген арнайы сыйлықтармен марапатталады.
IX. Ұйымдастыру комитеті
9.1. «Ой шебері» зияткерлік ойынын ұйымдастыру және өткізу мақсатында Ұйымдастыру комитеті құрылады.
9.2. Ұйымдастыру комитетінің құрамы ұйымдастырушылар тарапынан бекітіледі.
9.3. Ұйымдастыру комитеті:
- Ойынды ұйымдастыру және өткізу жұмыстарын үйлестіреді;
- ойынның өтетін күні, уақыты мен орнын белгілейді;
- қатысушыларды тіркеуді ұйымдастырады;
- ойынға ұсынылатын әдебиеттер тізімін қалыптастырады және алдын ала жариялайды;
- сұрақтарды әзірлеу және олардың құпиялылығын сақтау жұмыстарын қамтамасыз етеді;
- қазылар алқасының құрамын қалыптастырады;
- ойын өткізуге қажетті техникалық және ұйымдастырушылық жағдайларды қамтамасыз етеді;
- командалардың Ереже талаптарын сақтауын бақылайды;
- даулы ұйымдастырушылық мәселелер бойынша шешім қабылдайды;
- ойын қорытындысын рәсімдейді және жеңімпаздарды марапаттауды ұйымдастырады.
9.4. Ұйымдастыру комитетінің ойын барысында қабылдаған шешімдері осы Ереже талаптарына сәйкес болуы тиіс.
X. Қазылар алқасы
10.1. Ойын нәтижелерін әділ және объективті бағалау мақсатында Қазылар алқасы құрылады.
10.2. Қазылар алқасының құрамы ұйымдастырушылар тарапынан алдын ала бекітіледі.
10.3. Қазылар алқасының құрамына білім беру, әдебиет, мәдениет және өзге де тиісті салалардың мамандары енгізілуі мүмкін.
10.4. Қазылар алқасы:
- командалардың жауаптарын тексереді;
- дұрыс жауаптарға ұпай береді;
- жауаптардың мазмұны мен мағыналық сәйкестігін бағалайды;
- әр кезең бойынша нәтижелерді тіркейді;
- тең ұпай болған жағдайда шешуші сұрақтардың нәтижесін бағалайды;
- апелляциялық өтініштерді қарайды;
- қорытынды хаттаманы рәсімдейді.
10.5. Қазылар алқасының мүшесі өзі тікелей жетекшілік ететін немесе мүдделік байланысы бар командаға қатысты бағалау кезінде шешім қабылдауға қатыспауы тиіс.
10.6. Қазылар алқасының шешімі ашықтық, объективтілік және барлық қатысушыларға қойылатын талаптардың бірізділігі қағидаттарына негізделеді.
- Қатысушыларды тіркеу тәртібі
11.1. Ойынға қатысу үшін командалар ұйымдастырушылар белгілеген мерзімде алдын ала тіркеуден өтуі тиіс.
11.2. Тіркелу тәртібі, өтінім нысаны және өтінім қабылдау мерзімі @civil_jambyl және @oi_sheberi ресми парақшаларында алдын ала жарияланады.
11.3. Өтінім oisheberi@gmail.com электронды почтасына жіберілуі тиіс. Өтінімде:
- білім беру ұйымының атауы;
- ойын бағыты;
- қатысушылардың аты-жөні;
- сыныбы немесе оқу тобы;
- жетекшінің аты-жөні;
- жетекшінің байланыс телефоны;
11.4. Команда құрамы тіркеу аяқталғаннан кейін өзгертілмейді. Қатысушының дәлелді себеппен ойынға қатыса алмауы жағдайында оны ауыстыру мәселесі Ұйымдастыру комитетімен алдын ала келісіледі.
11.5. Ойын өтетін күні командалар белгіленген уақыттан кешікпей келіп, ұйымдастырушылар тарапынан жүргізілетін тіркеуден өтуі тиіс.
11.6. Команданың ойын басталғаннан кейін келуі оның осы ойынға қатысуына негіз болмайды. Ерекше жағдайларда шешімді Ұйымдастыру комитеті қабылдайды.
XII. Сұрақтарға жауап беруге берілетін уақыт
12.1. Әр сұрақ экраннан көрсетіледі және/немесе жүргізуші тарапынан оқылады.
12.2. Сұрақтың күрделілігіне қарай жауап беруге берілетін уақыт:
Oi-Like кезеңінде – 30 секунд;
Oi-Cloud, Ой-Qas, Ой-Lan, Ой-Boi және Ой-Bai кезеңдерінде – 60 секунд.
12.3. Қажет болған жағдайда логикалық есептер, көлемді мәтін немесе терең талдауды қажет ететін арнайы сұрақтарға 90 секундқа дейін уақыт берілуі мүмкін. Бұл туралы жүргізуші сұрақ қойылғанға дейін хабарлайды.
12.4. Уақыт сұрақ толық оқылып немесе экранда көрсетіліп болғаннан кейін есептеле бастайды.
12.5. Белгіленген уақыт аяқталған кезде жүргізуші «Уақыт аяқталды» деп хабарлайды. Осы сәттен кейін жауапты толықтыруға, өзгертуге немесе қайта жазуға жол берілмейді.
12.6. Жауап бланкісін белгіленген уақыттан кейін өзгерткен командаға сол сұрақ бойынша ұпай берілмейді.
XIII. Тең ұпай болған жағдайда жеңімпазды анықтау
13.1. Іріктеу, жартылай финал немесе финал қорытындысында екі немесе одан да көп команда бірдей ұпай жинаған жағдайда олардың арасындағы орынды анықтау үшін шешуші сұрақ қойылады.
13.2. Шешуші сұрақ барлық тең ұпай жинаған командаларға бір уақытта беріледі.
13.3. Шешуші сұрақтың жауабы арнайы бланкіге жазылады.
13.4. Дұрыс жауап берген команда жоғары орынға ие болады.
13.5. Бірнеше команда шешуші сұраққа бірдей дұрыс жауап берген жағдайда келесі қосымша сұрақ қойылады.
13.6. Командалардың орындары анықталғанға дейін қосымша шешуші сұрақтар қойыла береді.
13.7. Сандық жауапты талап ететін арнайы шешуші сұрақ қолданылған жағдайда дұрыс жауапқа ең жақын жауап берген команда жеңімпаз деп танылады.
13.8. Шешуші сұрақтар бойынша бұрынғы кезеңдерде жинақталған ұпайларға қосымша ұпай берілмейді. Олар тек командалардың өзара орнын анықтау үшін пайдаланылады.
XIV. Сұрақтарды әзірлеу және құпиялылық
14.1. Ойын сұрақтарын Ұйымдастыру комитеті айқындаған арнайы шығармашылық тобы әзірлейді.
14.2. Сұрақтар алдын ала жарияланған кітаптардың мазмұнына және әр кезеңнің белгіленген бағытына сәйкес құрастырылады.
14.3. Сұрақтардың мазмұны:
- нақты әрі түсінікті;
- бірмәнді;
- қатысушылардың жас ерекшелігіне сәйкес;
- жарияланған әдебиеттер негізінде;
- кемсітушілік немесе қатысушының қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мазмұннан ада болуы тиіс.
14.4. Әр сұрақтың дұрыс жауабы және оны растайтын әдеби дереккөз алдын ала белгіленеді.
14.5. Ойын басталғанға дейін сұрақтар, жауаптар және оларды әзірлеуге қатысты материалдар құпия ақпарат болып табылады. Сұрақтарды әзірлеуге, сараптауға, техникалық өңдеуге немесе сақтауға қатысатын тұлғалар аталған ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті.
Ойын сұрақтарын немесе олардың жауаптарын қатысушыларға не үшінші тұлғаларға алдын ала беру, жариялау, тарату немесе өзге тәсілмен қолжетімді етуге жол берілмейді.
Құпиялылық талаптарын бұзған тұлға ойынның ұйымдастыру жұмыстарына қатысудан шеттетіледі, ал тиісті сұрақтар жарамсыз деп танылып, басқа сұрақтармен ауыстырылады.
Құпия ақпаратты жариялау әрекеттерінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құқық бұзушылық белгілері болған жағдайда, материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін уәкілетті органдарға жолдануы мүмкін.
XV. Ойын нәтижелерін рәсімдеу
15.1. Әр ойынның қорытындысы Қазылар алқасының хаттамасымен рәсімделеді.
15.2. Хаттамада командалардың атауы, әр кезең бойынша жинаған ұпайлары, жалпы ұпайы және қорытынды орны көрсетіледі.
15.3. Хаттамаға Қазылар алқасының төрағасы мен мүшелері қол қояды.
15.4. Апелляция қаралған жағдайда қорытынды рейтинг апелляциялық рәсім аяқталғаннан кейін бекітіледі.
15.5. Ойын нәтижелері ұйымдастырушылардың ресми ақпараттық ресурстарында және әлеуметтік желідегі парақшаларында жариялануы мүмкін.
