Тұрар Рысқұлов аудандық мәслихатының №13 бірмандаттық сайлау округі бойынша депутаттыққа кандидат Марат Алкереев Ақбұлақ ауылдық округінде жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға және ауыл шаруашылығын қолдауға ықпал етуді көздейді. «Әділет» партиясының құндылықтарына негізделген бағдарламасында ол жергілікті басқару мен жұмыспен қамту саласында жинаған тәжірибесін округтің дамуына жұмсауды мақсат еткенін айтады.
Марат Жолдасбекұлы Алкереев 1968 жылғы 13 қарашада бұрынғы Ленин, қазіргі Р. Сәбденов ауылында дүниеге келген. 1990 жылы Шымкент кооперативтік техникумын тауартану мамандығы бойынша, 2007 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін экономика мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1991 жылы дүкен меңгерушісі болып бастаған. 1996–2006 жылдары мемлекеттік қызмет пен жергілікті басқару саласында еңбек етті. 2006–2010 жылдары Ленин ауылдық округінің, 2010–2012 жылдары Абай ауылдық округінің әкімі болды. Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде де қызмет атқарған. 2018 жылдан бері Мансап орталығының Тұрар Рысқұлов аудандық филиалында консультант болып жұмыс істейді.
Алкереев сайланған жағдайда Бәйтелі, Қызылшаруа және Р. Сәбденов ауылдары тұрғындарының өтініштерін аудандық деңгейде көтеруге ниетті. Бағдарламада жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру, мәдениет үйлері мен балалар алаңдарына қатысты ұсыныстар да қамтылған. Кандидат тұрғындар көтерген мәселелердің ауданның даму жоспары мен бюджетінде ескерілуіне ықпал етіп, қабылданған шешімдердің орындалуы туралы ашық есеп беруді жоспарлап отыр.






