Т. Рысқұлов аудандық мәслихатының №4 бірмандаттық сайлау округі бойынша «Әділет» партиясынан ұсынылған кандидат Данияр Сейсебаев ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
Сейсебаев Данияр Калмаханұлы Құмарық ауылында дүниеге келген. 2004 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Тарих, география» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2007 жылы Т. Рысқұлов ауданындағы «Болтай батыр» атындағы орта мектепте тарих және география пәндерінің мұғалімі болып бастаған. Кейін «Қалмахан» шаруа қожалығының басшысы ретінде ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен.
Кандидаттың сайлауалды бағдарламасында Құмарық ауылының қордаланған мәселелерін шешу, ауыл шаруашылығын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және жастарға жаңа мүмкіндіктер жасау мәселелері қамтылған.
Оның пікірінше, ауылдың өркендеуі үшін тұрғындардың күнделікті тұрмысына әсер ететін мәселелерді жүйелі түрде шешу маңызды. Атап айтқанда, жолдардың жағдайын жақсарту, сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, электр желілерін жаңарту және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға назар аудару қажет.
Данияр Сейсебаев ауыл тұрғындарының ұсыныстарын аудандық даму жоспарлары мен бюджеттік шешімдерге енгізуге ықпал етуді көздейді.
Кандидаттың ұстанымы бойынша, ауылдың дамуы тұрғындардың нақты қажеттіліктеріне негізделуі тиіс.






