№1 сайлау округі бойынша Тұрар Рысқұлов аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Асхат Әділханұлы ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту жөніндегі ұсыныстарын сайлауалды бағдарламасында жариялады. Ол ауызсу мәселесін шешуге ықпал етуді, ауылішілік жолдарды жөндеуді, көше жарығын, электр желілерін және қоғамдық нысандарды жақсартуды ұсынады.
Кандидат инфрақұрылымдық жобаларға бөлінетін қаражаттың қалай жұмсалатынына да назар аудармақ. Сайланған жағдайда аудандық бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылап, қаржының ауылдарға әділ бөлінуі мен тұрғындарға қажет жобалардың орындалуын қадағалауды көздейді. Бағдарламада бөлінген қаражат пен атқарылған жұмыстар туралы ақпараттың ашық болуын талап ету де көрсетілген.
Бағдарламаның әлеуметтік бағытында ауылдағы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру ұсынылған. Кандидат мүгедектігі бар азаматтарды, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды, қарттар мен әлеуметтік көмекке мұқтаж тұрғындарды қолдау мәселелеріне назар аударуды жоспарлап отыр.
Білім беру және жастар саясаты бойынша Әділханұлы білім сапасын арттыруға, жастардың кәсіп меңгеруіне және жұмысқа орналасуына ықпал етуді көздейді. Сондай-ақ спорт пен мәдениетті дамыту және жастар бастамаларын қолдау бағдарламаның осы бағытына енгізілген.






