Т. Рысқұлов аудандық мәслихатының №8 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша депутаттыққа кандидат Орынбасар Ерлан Серікбайұлы сайлауалды бағдарламасында білім беру, әлеуметтік қолдау, кәсіпкерлікті дамыту және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне басымдық берген.
Өмірбаяны
Орынбасар Ерлан Серікбайұлы 1989 жылғы 22 тамызда Тараз қаласында дүниеге келген.
2007 жылы Луговой ауылындағы Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектепті тәмамдаған.
2007–2011 жылдары Қарағанды қаласындағы Ішкі істер министрлігінің академиясында білім алған.
2019–2021 жылдары Алматы қаласындағы аграрлық университетте орман шаруашылығы саласы бойынша білім алған.
Еңбек жолы:
- 2011–2012 жылдары аудандық ішкі істер бөлімінің жедел уәкілі;
- 2012–2016 жылдары Астана қаласының Сарыарқа полиция бөлімінің тергеушісі;
- 2019–2021 жылдары Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Сапсан» мекемесінің заңгері;
- 2023–2024 жылдары «Луговой ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» КММ-нің «Үмбет» ерекше қорғалатын табиғи аумағының қорықшысы;
- 2024 жылы аталған мекемеде аңшылықтану саласында қызмет атқарған.
2024 жылдан бастап осы мекеме директорының орынбасары қызметін атқарып келеді.
Білім – адам капиталының негізі
Ерлан Орынбасар сайлауалды бағдарламасында ауылдық білім беру ұйымдарымен тұрақты байланыс орнату және оқушылардың түрлі деңгейдегі білім сайыстарына қатысуына қолдау көрсету мәселелерін қамтыған.
Кандидат ауыл жастарының спортпен шұғылдануына, түрлі жарыстарға қатысуына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау бағытындағы бастамаларды да атап өткен.
«Таза Қазақстан» және экологиялық жауапкершілік
Орман шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген кандидат «Таза Қазақстан» бастамасын қолдайтынын білдірген.
Оның пікірінше, бұл бастама тек тазалық жұмыстарымен шектелмей, қоғам алдындағы жауапкершілік пен ел мүддесіне қызмет ету қағидаттарын да қамтиды.
Ерлан Орынбасар кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының ауылдың мәдени және қоғамдық өміріне қатысуын ұйымдастыруды да сайлауалды бағдарламасына енгізген.
Кандидаттың бағдарламасында білім беру, экологиялық мәдениет, жастар саясаты және ауылдың әлеуметтік дамуы өзара сабақтас бағыттар ретінде қарастырылған.
Дайындаған: ID CORP ЖШС
Қаржыландыру көзі: республикалық бюджеттен.
Т. Рысқұлов аудандық мәслихатының депутаттығына кандидаттың сайлауалды үгіт материалы.





