Іс-шара «Әжемнің ертегілеріне саяхат» жобасының 2026 жылғы жұмысын қорытындылауға және жас ұрпақ тәрбиесіне ерікті түрде үлес қосып жүрген ақ жаулықты әжелердің еңбегін ұлықтауға арналады.
Әже – қазақ дүниетанымында отбасының ғана емес, ұлттың да рухани жадын сақтаушы тұлға. Оның аузынан айтылған ертегі баланы ізгілікке, адалдыққа, мейірімге, достыққа және үлкенге құрмет көрсетуге баулиды. Осы ұстанымды негізге алған Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының «Әжемнің ертегілеріне саяхат» жобасы халық ауыз әдебиетін мектепке дейінгі тәрбие үдерісімен байланыстырып, әже мен немере арасындағы рухани сабақтастықты нығайтып келеді.
Жобаның нәтижесі оның ауқымының жыл сайын кеңейіп отырғанын көрсетеді. 2025 жылы Жамбыл облысындағы 617 мектепке дейінгі ұйымда екі жүзге жуық ерікті әже ертегі сағаттарын өткізіп, олардың қатысуымен 141 мәдени-танымдық іс-шара ұйымдастырылды. Жыл қорытындысында 45 белсенді әже марапатталды.
Ал 2026 жылы жоба аясында облыстың 621 мектепке дейінгі ұйымында «Әжелер мектебі» құрылып, 602 әженің қатысуымен 1817 танымдық сағат өткізілді. Аталған жұмыстармен 12 747-ге жуық бүлдіршін қамтылды.Әсіресе Меркі, Тұрар Рысқұлов, Қордай және Байзақ аудандарындағы әжелердің белсенділігі ерекше. Сексен жасқа келсе де ауыл балаларының тәрбиесіне атсалысып жүрген Түзел апаның, сондай-ақ биыл жетпіс жасқа толған Роза, Баян және Райхан есімді ертегіші әжелердің өнегесі – жас ұрпаққа жасалған қамқорлықтың жарқын үлгісі.
Салтанатты жиында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлдана Серікбаева мен Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіманап сөз сөйлеп, әжелердің ұрпақ тәрбиесіндегі зор еңбегін атап өтті. Рәсім аясында жобаға белсене қатысқан әжелер «2026 жылдың Үздік ертегіші әжесі» атанып, оларға құрмет көрсетілді.
Сондай-ақ «Әулиеата аңыздары» жобасы аясында балаларға арналған жаңа анимациялық туынды ұсынылды. Орталық ұлттық мұраны балаларға заманауи тәсілдермен жеткізуге де мән беруде. 2026 жылы қазақ ертегілері желісімен 10 анимациялық фильм әзірленді. Сонымен қатар «Әулиеата аңыздары» жобасы аясында өлке тарихына қатысты аңыз-әңгімелер анимацияланды. Бұл жұмыстарды орталықтың YouTube арнасы арқылы көпшілікке ұсыну көзделген. Ертегіші әжелерге арнап арнайы ертегілер жинағы дайындалды; алдағы уақытта жергілікті қаламгерлердің балалар шығармаларын комикс түрінде әзірлеп, әдістемелік құрал ретінде тарату жоспарланып отыр.
«Ақ әжелер ізімен» – жыл бойғы атқарылған жұмысқа есеп беру ғана емес, ұрпаққа рухани тәрбие беруді өмірлік мұратына айналдырған аналарға көрсетілер шынайы құрмет. «Оқитын ұлт» бағытымен сабақтас бұл бастама алдағы жылдары балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға, ертегі айту мәдениетін жаңғыртуға және ұлттық құндылықтарды жаңа буынның санасына сіңіруге бағытталады.
Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды







