Жастарға арналған мерекелік кешті Тараз қаласындағы жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері тамашалады.
Мерекелік кеш заманауи хореографиялық композициямен ашылды. Шоу-концерт барысында филармонияның шығармашылық ұжымдары мен жеке орындаушылары өнер көрсетіп, көрермендерге түрлі жанрдағы музыкалық және би қойылымдарын ұсынды.
Атап айтқанда, «Кәусар» вокалдық ансамблі, «Ақкербез» би ансамблі, «Тараз» циркінің әртістері мен филармонияның жеке орындаушылары заманауи эстрадалық және шетелдік танымал әндерді орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Концерттік бағдарлама студенттік өмірдің қызықты сәттерін, достық пен махаббатты, жастық шақтың жалынды кезеңдерін және болашаққа деген асқақ армандарды қамтыды.
Кеш барысында жүргізушілер көрермендермен интерактивті ойындар ұйымдастырып, студенттердің белсенді қатысуына мүмкіндік жасады. Бұл мерекелік кештің мазмұнын жандандырып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Кеш соңында жүргізушілер Тараз қаласындағы жоғары оқу орындары мен колледждерден келген студенттерге алғыс білдіріп, барша қауымды Халықаралық студенттер күнімен құттықтады.
Аталған іс-шара жастардың бос уақытын тиімді әрі мазмұнды ұйымдастыруға, олардың мәдени-рухани сұранысын қанағаттандыруға, сондай-ақ филармонияның шығармашылық ұжымдары мен студент жастар арасындағы мәдени-шығармашылық байланысты нығайтуға бағытталды.
Іс-шараның мақсаты – студент жастарға мерекелік көңіл күй сыйлау, олардың шығармашылық әлеуетін қолдау, өнер мен мәдениетке деген қызығушылығын арттыру, жастар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, студенттік өмірдің жарқын сәттерін дәріптеу және жас ұрпақтың рухани-мәдени дамуына ықпал ету.
Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды







