Жамбыл облыстық мәслихатының шешімімен бекітілген «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының 2024-2029 жылдарға арналған өңірлік жоспарына сәйкес, Жамбыл ауданының елді мекендерінде абаттандыру, санитарлық тазалық пен қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді. Осы орайда 2026 жылы аталған тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі арнайы жедел жоспар бекітілді.
Бекітілген жоспар аясында қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты қорғау және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру мақсатында кең көлемді іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, «Болашақты бірге отырғызамыз», «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні», «Жер сағаты», «Тазарту күні», «Таза кәсіп — таза аймақ», «World Clean-Up Day» халықаралық акциясы мен «Таза су айдындары» шараларын өткізу белгіленген. Бүгінгі күнге дейін аудан аумағында «Тазарту күні», «Мөлдір бұлақ», «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» акциялары мен «Жер сағаты» шаралары жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Жүргізілген тазалық шаралары аясында елді мекендерге кіреберіс автомобиль жолдарының бойындағы құраған ағаш-бұталар жиналып, 18 шақырымнан астам арықтар мен каналдар жүйесі толық аршылды. Сонымен қатар 46 шақырым көше бойлары тазаланып, саябақтар мен скверлердің 140 шаршы метр аумағы ретке келтіріліп, көріктендірілді. Атқарылған санитарлық жұмыстардың нәтижесінде аудан аумағынан 97 тонна кездейсоқ күл-қоқыс арнайы полигондарға шығарылды. Мұнымен қоса, аудан көлеміндегі су арналары мен каналдарды механикалық тазалаудан өткізу, олардың өткізу әлеуетін арттыру бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Сонымен қатар аудан көлемінде күзгі екі айлық тазалық айлығы жарияланғаннан бері барлық ауылдық округтерде бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. Бекітілген екі айлық тазалық іс-шаралар жоспарына сәйкес, ауданда жалпы 6 рет сенбілік ұйымдастырылып, оған 2 мыңға жуық тұрғындар, мекеме қызметкерлері мен еріктілер белсене қатысты. Сенбіліктер барысында ауылдардың ішкі көшелері, елді мекендердің айналасы мен қоғамдық кеңістіктер қоқыстан тазартылды. Абаттандыру мен тазалық жұмыстарын үйлестіру, олардың сапалы орындалуын бақылау мақсатында барлық ауылдық округтерге арнайы жауапты штаб мүшелері бекітілген. Бұл шаралар ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға бағытталған.







