Қазіргі егіншілік тек трактор мен техникаға емес, жасанды интеллект, спутник, дрон, робот және цифрлық жүйелерге негізделген. Әлемде бұл бағыт «ақылды ауыл шаруашылығы» немесе «дәлме-дәл егіншілік» деп аталады. Фермер енді аспанға қарап емес, нақты деректерге сүйеніп шешім қабылдайды.
Арнайы датчиктер топырақтың ылғалын, температурасын, тұз мөлшерін және минералдық құрамын анықтайды. Ал жиналған ақпаратты жасанды интеллект талдап, қай жерге су қажет екенін, қай алқапқа тыңайтқыш жетіспейтінін және өнімділік қай жерде төмендеуі мүмкін екенін болжайды. Бұл шығынды азайтып, өнімді арттыруға мүмкіндік береді.
Дрондар егістікті бақылап, өсімдіктің жағдайын бірнеше минутта анықтай алады. Олар аурудың таралуын, зиянкестерді және су тапшылығын байқайды. Кей жағдайда тыңайтқыш пен дәрі тек қажет жерге ғана себіледі. Бұл қаржыны үнемдеп, табиғатты қорғауға көмектеседі.
– Әлемнің көптеген елдерінде егін алқаптарын күн сайын дрондармен бақылайды. Олар бірнеше минут ішінде жүздеген гектар жерді суретке түсіріп, жасанды интеллект арқылы өңдейді. Өсімдіктің жағдайын, ауруын және су тапшылығын компьютер автоматты түрде анықтайды, – дейді Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақов.
Цифрландыру жылыжай шаруашылығына да үлкен өзгеріс әкелді. Нидерландтағы заманауи жылыжайларда роботтар гүл отырғызып, суару мен жарықты реттейді. Жасанды интеллект өсімдіктердің ауруын адамнан бұрын анықтай алады. Температура, ылғал және жарық автоматты түрде бақыланады. Әлемнің көптеген елдері бұл технологияларды тиімді пайдаланып келеді. Жапонияда роботтар егін егу мен өнім жинауға көмектессе, АҚШ-та спутник пен жасанды интеллект өнім көлемін алдын ала болжауға қолданылады. Израиль су тапшылығы жағдайында әр өсімдікке қажетті суды есептейтін жүйелерді дамытты. Нидерланд ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауда цифрлық технологиялардың арқасында көшбасшылардың біріне айналды.
Қазақстан да бұл бағыттан шет қалмай отыр. Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстарындағы ірі шаруашылықтар GPS арқылы басқарылатын техника, дрондар, ақылды суару жүйелері мен цифрлық карталарды енгізуде. Жылыжайларда автоматтандырылған климаттық бақылау жүйелері жұмыс істейді.
Жасанды интеллект мал шаруашылығында да қолданыла бастады. Арнайы құрылғылар малдың денсаулығын, қозғалысын және жағдайын бақылап, фермерге қауіп туралы хабар береді.
– Жасанды интеллект фермердің орнына шешім қабылдамайды. Ол тек дәл әрі жылдам талдау жасап береді. Соңғы сөзді бәрібір адам айтады. Бірақ деректерге сүйенген шешім өнімділікті арттырып, шығынды азайтады, – дейді агротехнология саласының сарапшысы Ерлан Жақыпов.
Болашақта роботтар тұқым егіп, дрондар егістікті бақылап, өздігінен жүретін тракторлар жұмыс істейтін болады. Фермер бүкіл шаруашылығын планшет арқылы басқара алады. Цифрландырудың мақсаты – адамды алмастыру емес, оның еңбегін жеңілдету.
Қазақтың «Жері байдың – елі бай» деген нақылы бүгін жаңа мәнге ие болды. Енді жердің байлығы оның табиғи құнарымен қатар, оны қаншалықты ақылды технологиямен игере алғанымызға байланысты. Болашақтың диқаны қолына тек кетпен емес, планшет ұстайды. Оның басты серігі – жасанды интеллект болады.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды






