Жамбыл облысының полиция департаменті бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіп жатқаны туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте департаменттің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Азат Пірматов айтып берді.
Спикердің сөзінше, жасөспірімдердің заңға қайшы әрекеттерге баруы көбіне отбасындағы тәрбиенің жеткіліксіздігінен, әлеуметтік ортаның жағымсыз әсерінен және тиісті бақылаудың жоқтығынан болады. Сондықтан кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу — тек құқық қорғау органдарының ғана емес, ата-аналардың, сондай-ақ тұтас қоғамның ортақ міндеті.
Полиция органдары мен білім беру ұйымдары тарапынан алдын алу шаралары тұрақты жүргізіліп жатқанына қарамастан, кейбір ата-аналардың бала тәрбиесіне салғырт қарауы, жұмысбастылығы және жасөспірімдерді тиісінше қадағаламауы балалардың қаңғыбастыққа салынуына, жат ортаға қосылуына және құқық бұзушылықтар жасауына себеп болып отыр.
Балалар жылында өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін сақтау бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде балаларға қатысты жасалған қылмыстар саны 9,8 пайызға төмендеді.
Облыстағы 531 мектеп пен 42 колледжге 700-ден астам полиция қызметкері бекітіліп, білім беру ұйымдарындағы алдын алу жұмыстары күшейтілді.
Бала тәрбиесіндегі міндеттерін тиісті деңгейде орындамаған 207 кәмелетке толмаған жас пен 114 ата-ана профилактикалық есепке алынды. Сонымен қатар, 13 жасөспірім арнайы білім беру ұйымдарына жіберіліп, 33 ата-ана ата-аналық құқығынан айырылды. Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың 114 отырысы өткізілді. Қазіргі таңда есепте 300 жайсыз отбасы және 232 жасөспірім тұр.
Рейдтік іс-шаралар барысында ішкі істер органдарына 4966 кәмелетке толмаған жас жеткізіліп, 4924 әкімшілік хаттама толтырылды. Құқық бұзушылықтардың басым бөлігі — жасөспірімдердің түнде үйден тыс жерде болуы (4180 факт). Одан кейінгі орында: ата-аналардың бала тәрбиесіндегі міндеттерін орындамауы — 735; жасөспірімдердің ойын-сауық мекемелерінде болуына жол беру — 142; ұсақ бұзақылық — 135 факт. Қалған хаттамалар ішімдік ішу, буллинг және кибербуллинг фактілері бойынша толтырылған.
— Жүргізілген талдау нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың негізгі себептері анықталды. Бұл — ата-ана бақылауының әлсіздігі, қадағалаусыздық, асоциалды ортаның ықпалы, бейресми лидерлердің әсері, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жағымсыз ақпараттардың таралуы, тұрмыстық жанжалдар, сондай-ақ кейбір отбасылардың материалдық деңгейінің төмендігі, – деді спикер.
А. Пірматовтың хабарлауынша, алдын алу шаралары ретінде білім беру ұйымдарында 4431 лекция мен түсіндірме кездесулері өткізілген. Ауыл мен қала тұрғындары арасында ақпараттық жадынамалар, буклеттер мен брошюралар таратылуда. Бұдан бөлек, интернет-ресурстарда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған 1304 бейнеролик жарияланып, әлеуметтік бейнематериалдар көрсетілуде.
«Тәуекел тобындағы» жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен жүйелі түрде жеке профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Білім беру ұйымдарымен және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссиялармен өзара іс-қимыл күшейтілді. Бейресми лидерлерді ерте анықтау, жасөспірімдердің түнгі уақыттағы мінез-құлқын бақылау, буллинг, кибербуллинг және қорқытып алушылық (бопсалау) фактілерінің алдын алу жұмыстары жанданды.
«Жас сақшы» жобасы аясында құқықтық және патриоттық бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 19 мамырында республикалық деңгейде «Жас сақшы» жобасы аясында форум өтеді.
Спикер мектептерде бітіру емтихандарының жақындап қалғанын, ал соңғы қоңырау кезінде автокортеждермен шулы серуендеу әдеті белең алып тұрғанын еске салды. Мұндай жағдайлар көбіне жол қозғалысы ережелерінің бұзылуына әкеп соғады және қайғылы салдарға себеп болуы мүмкін.
Жыл басынан бері облыс аумағында орын алған жол-көлік оқиғалары салдарынан 182 кәмелетке толмаған бала зардап шеккен. Осыған байланысты спикер түлектердің ата-аналарынан балаларының көлік басқаруына жол бермеуді, оларға қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігі ережелерін түсіндіруді сұрады.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды







