Мұндай даулар мемлекеттік органдар қабылдаған шешімдердің заңдылығын тексеруге, ал азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Жамбыл облысында да жыл басынан бері әкімшілік соттарға түскен талаптардың саны жүздеп саналады.
ҚР Сот әкімшілігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында әкімшілік органдар мен лауазымды адамдардың шешімдері, әрекеттері немесе әрекетсіздігіне қатысты даулар бойынша соттардың өндірісінде есепті кезең басында 73 аяқталмаған іс болған. Есепті кезең ішінде әкімшілік соттарға 618 әкімшілік талап қою түсті.
Сотқа түскен талаптардың барлығы бірдей қарауға қабылданбаған. Алдын ала зерделеу нәтижесінде 325 талап қою қайтарылып, 1 іс соттылығы бойынша басқа сотқа жолданған.
Мәні бойынша қаралған 158 істің қорытындысында 73 талап қою қанағаттандырылды. Бұл істер бойынша сот мемлекеттік органдардың шешімдері немесе әрекеттеріне қатысты талапкерлердің уәждерін негізді деп таныған. Ал 85 іс бойынша талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылды.
Сонымен қатар заңнамада көзделген негіздер бойынша 65 әкімшілік талап қайтарылды. Оның ішінде 14 талап қою талапкердің өз өтінішімен кері қайтарылса, 3 іс тараптардың татуласуына байланысты, ал 48 іс медиация тәртібімен жасалған келісім нәтижесінде аяқталды. Бұл азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы бірқатар даулардың сот шешіміне дейін өзара келісіммен реттелгенін көрсетеді.
Есепті кезеңде 48 әкімшілік іс жазбаша іс жүргізу тәртібімен қаралды. Бұл рәсім сотқа қатысушыларды шақырмай-ақ, ұсынылған құжаттар негізінде шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Әкімшілік істерді қарау барысында соттар анықталған заң бұзушылықтарға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою үшін 33 жекеше ұйғарым шығарды. Сонымен қатар әкімшілік сот ісін жүргізу талаптарын сақтамағаны үшін 6 ақшалай өндіріп алу шарасы қолданылды.
Мамандардың айтуынша, әкімшілік соттардың негізгі міндеті – мемлекеттік органдардың шешімдері мен әрекеттеріне сот бақылауын жүргізіп, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғау. Осыған байланысты өңірде әкімшілік даулар заң талаптарына сәйкес жан-жақты қаралып, құқықтық тетіктер арқылы шешіліп келеді.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды






