Балалар мен жасөспірімдердің спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау – бұқаралық спортты дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта Жамбыл облысында жас спортшыларды қолдауға, олардың қабілетін шыңдауға және спорт секцияларына қолжетімділікті арттыруға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Әсіресе мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында балалар мен жасөспірімдерге тегін секцияларға қатысу мүмкіндігі ұсынылып отыр, деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда өңірде 80 спорт мекемесі жұмыс істейді. Оның 56-сы Жамбыл облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты. Аталған мекемелерде 27 507 спортшы тұрақты түрде жаттығып жүр. Олардың спорттық дайындығын 1 136 жаттықтырушы қамтамасыз етуде. Бұл көрсеткіштер облыста спорт инфрақұрылымын дамытуға және жас буынның спортқа қызығушылығын арттыруға басымдық беріліп отырғанын көрсетеді.
Балалардың спортпен тегін айналысуына мүмкіндік беретін негізгі тетіктердің бірі – мемлекеттік спорттық тапсырыс. Осы бағытты жүзеге асыру үшін 2026 жылы жергілікті бюджеттен 1,1 млрд теңге қарастырылған. Бөлінген қаражат есебінен 73 өнім беруші 18 спорт түрі бойынша қызмет көрсетуде. Нәтижесінде 4 300 бала мен жасөспірім тұрақты түрде спорттық жаттығуларға қатысу мүмкіндігіне ие болған.
Мемлекеттік спорттық тапсырыстың басты ерекшелігі – балалардың спорт секцияларына қатысуына қаржылық кедергілерді азайту. Яғни ата-аналарға түсетін қосымша салмақты жеңілдетіп, жасөспірімдердің өз қызығушылығы мен қабілетіне қарай спорт түрін таңдауына жол ашылады. Сонымен қатар мұндай бастамалар балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, дене дайындығын жақсартуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.
Бұдан бөлек, облыстың 7 ауданы мен Тараз қаласында балалар-жасөспірімдердің дене шынықтыру даярлығы бойынша 10 клуб жұмыс істейді. Бұл мекемелерде 3 191 бала тұрақты түрде спорт секцияларына қатысып, дене шынықтырумен айналысуда. Аталған клубтардың жұмысы спорттық даярлықты көпшілікке қолжетімді етуге және балаларды ерте жастан жүйелі жаттығуға баулуға бағытталған.
Өңірде әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларына да ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, «Тараз-Арена» спорт сарайы мен «Дельфин» жүзу бассейнінде көпбалалы отбасылардың балалары үшін тегін кіру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл бастама балалардың спорттық нысандарды пайдалануына қолайлы жағдай жасап, жүзу мен өзге де дене шынықтыру бағыттарына қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, облыстағы аталған спорт мекемелерінде спорттық секцияларға қатысу ақысыз негізде ұйымдастырылған. Сол арқылы балалар мен жасөспірімдердің тұрғылықты жеріне және әлеуметтік жағдайына қарамастан спортпен шұғылдануына жол ашылуда.
Спорт – тек физикалық дайындық пен жоғары жетістіктің ғана емес, тәртіп пен табандылықтың, жауапкершілік пен жігердің мектебі. Сондықтан балаларды жастайынан спортқа баулу олардың денсаулығын нығайтумен қатар, бойында еңбекқорлық пен жеңіске деген ұмтылысты қалыптастырады.
Жамбыл облысында мемлекеттік спорттық тапсырыс, балалар-жасөспірімдер клубтары және спорт нысандарындағы әлеуметтік қолдау шаралары арқылы жас буынның спортпен айналысуына қажетті жағдай жасалуда. Мұндай мүмкіндіктерді тиімді пайдалану – бұқаралық спортты дамытып қана қоймай, болашақта ел намысын қорғайтын талантты спортшылардың қалыптасуына да негіз болады.
Мақала Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды







