Еңбек – ел дамуының негізгі тірегі. Күнделікті маңдай терімен өндіріс пен қоғамның алға жылжуына үлес қосып жүрген қарапайым еңбек иелерін насихаттау, олардың кәсіби жолын кейінгі буынға үлгі ету – маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта Жамбыл облысында еңбек адамдарының беделін арттыруға және жұмысшы мамандықтарын дәріптеуге бағытталған жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, еңбек адамын ұлықтау, еңбек әулеттерін қолдау және жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру мақсатында жыл сайын «Еңбек жолы» республикалық конкурсы ұйымдастырылады.
Аталған байқау еңбек жолын абыроймен жалғастырып келе жатқан азаматтарды анықтап, олардың жетістіктерін көпшілікке танытуға мүмкіндік береді. Конкурс үш негізгі номинация бойынша өткізіледі. Олар – «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» және «Өндірістің үздік жас маманы».
2025 жылы облыстық комиссия шешімімен аталған номинациялар бойынша Жамбыл облысының үздіктері анықталды. Атап айтқанда, «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша Тараз қаласының Ариповтар әулеті, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша Тараз қаласының тұрғыны Ибраева Үлмекен, ал «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бойынша Тараз қаласының тұрғыны Тұрысжан Еркебұлан іріктеліп, республикалық кезеңге жолдама алды.
Бұл азаматтар – өз саласында тәжірибе жинақтаған, кәсіби шеберлігімен ерекшеленген және еңбекке адалдығын көрсеткен мамандар. Олардың жетістігі жас ұрпақты еңбекке баулуға, мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар беруге ықпал етеді.
Биыл да «Еңбек жолы» республикалық конкурсының өңірлік кезеңіне қатысушыларды іріктеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда үміткерлердің құжаттары қаралып, олардың еңбек жолы, кәсіби жетістіктері мен қоғамға қосқан үлесі саралануда.
Комиссия шешімі негізінде әр номинация бойынша жеңімпаздар анықталып, олар республикалық кезеңге ұсынылатын болады. Өңірлік кезеңнің қорытындысы шыққаннан кейін жеңімпаздар туралы қосымша ақпарат жарияланады.
«Еңбек жолы» байқауы – тек үздіктерді анықтайтын конкурс емес, сонымен қатар еңбек адамының қоғамдағы орнын айқындап, кәсіби мамандықтарға деген құрметті арттыратын маңызды жоба. Жамбыл облысында бұл бағыттағы жұмыстар еңбек мәдениетін қалыптастыруға және маңдай терімен жетістікке жеткен азаматтарды кеңінен танытуға бағытталған.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды






