Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес – құқық қорғау органдары жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Әсіресе синтетикалық есірткінің таралуы, интернет арқылы жүргізілетін есірткі саудасы және Шу алқабынан тасымалданатын есірткі арналарын анықтау бүгінде ерекше бақылауға алынған. Осы бағытта Жамбыл облысында жыл басынан бері бірқатар нәтижелі жедел-профилактикалық іс-шаралар жүзеге асырылды.
Жамбыл облысының Полиция департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 268 құқық бұзушылық анықталды. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 4 тонна 212 келі түрлі есірткі құралдары тәркіленді.
Тәркіленген есірткінің ішінде 3 тонна 938 келі 88 грамм каннабис, 247 келі 345 грамм кептірілген марихуана, 20 келі 416 грамм гашиш, 2 килограмнан астам синтетикалық есірткі және 4 келі 812 грамм апиын бар.
Шу алқабынан еліміздің өзге өңірлеріне есірткі тасымалының жолын кесу мақсатында Қарағанды, Алматы және Түркістан облыстары бағыттарында патрульдік полиция мен жергілікті полиция қызметінің қатысуымен мобильді топтар жұмыс істеді. Нәтижесінде есірткіні тасымалдаудың 10 арнасының жолы кесіліп, 90 келіден астам түрлі есірткі тәркіленді және 11 адам ұсталды.
Полицейлер аса ірі көлемде марихуана мен гашиш өткізумен айналысқан төрт адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін де тоқтатты. Арнайы операция барысында заңсыз айналымнан 112 килограмнан астам есірткі құралы тәркіленді.
Синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына қарсы жүргізілген іс-шаралар барысында 12 адам ұсталды.Олардың ішінде үш шетел азаматы бар. Атап айтқанда, екі азамат – Өзбекстаннан, бір азамат – Қырғызстаннан. Осы бағыттағы жедел жұмыстардың нәтижесінде 2 килограмнан астам синтетикалық есірткі тәркіленді.
Интернет арқылы жасалатын есірткі қылмыстарына қарсы күрес те күшейтілген. «Антифрод» жүйесі арқылы 1800 банк картасының шоты бұғатталып, «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы 1334 интернет-ресурсқатосқауыл қойылды. Сонымен қатар 87 миллион теңгеден астам қаражаттың заңсыз айналымына жол берілмеді. Есірткіні жарнамалайтын 115 граффити-жазу анықталып, жойылды.
Өңірде жыл сайын өткізілетін «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 360 гектар аумақта өскен 220 тонна 205 келі жабайы қарасора жойылды. Іс-шараның барысы туралы бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет ресурстарында 400 ақпараттық материал жарияланды.
Есірткі қылмыстарының алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстар да жалғасуда. Жыл басынан бері 801 профилактикалық іс-шара өткізіліп, оған 56 700 адам қамтылды.
Полиция департаменті есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Негізгі басымдық есірткі тасымалының жолын кесуге, синтетикалық есірткінің таралуына қарсы іс-қимылды күшейтуге, жасырын зертханаларды анықтауға және халық арасында профилактикалық жұмыстарды кеңейтуге бағытталмақ.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды






