Ауқымды жиынға ғалымдар, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, педагог-психологтер, әлеуметтік педагогтер, денсаулық сақтау және құқық қорғау саласының мамандары қатысып, қазіргі қоғамдағы психологиялық денсаулық мәселелерін жан-жақты талқылады. Конгреске облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова, Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов және сала сарапшылары арнайы қатысты.
Іс-шараның мақсаты – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған кезеңде адам психикасының өзгерістерін саралау, психологиялық қызметтің жаңа бағыттарын айқындау және қоғамның эмоционалдық саулығын нығайту мәселелерін талқылау болды. Конгресс аясында «Балалар мен жастар психологиясы: жаңа сын-қатерлер», «Отбасы психологиясы және қоғам тұрақтылығы», «Эмоционалды саулық – ұлттық даму алғышарты» тақырыптарында панельдік сессиялар ұйымдастырылды.
Сарапшылар балалар мен жастардың психологиялық жағдайы, әлеуметтік желілердің адам санасына әсері, отбасы институтын нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алумен және эмоционалдық интеллектіні дамыту мәселелері төңірегеінде пікір алмасты. Пленарлық отырыста психологиялық денсаулықтың қоғам тұрақтылығындағы рөлі, психологиялық қызметтің даму перспективалары, ұлттық психологияның ерекшеліктері, стресс-менеджмент, жастар арасындағы аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу және әйелдердин эмоционалдық иммунитетін қалыптастыру мәселелері бойынша мазмұнды баяндамалар жасалды. Жиында сөз сөйлеген Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов психологиялық денсаулық мәселесі бүгінгі қоғам үшін аса маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті:
– Психологиялық денсаулық отбасы институтының беріктігімен, ана мен баланы қорғаумен, тұрмыстық зорлықзомбылықтың алдын алумен және жастарды қолдаумен тікелей байланысты. Сондықтан партия жанындағы Әйелдер қанаты бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Тараз қаласында өткен OPEN DAY ашық есік күні аясында тәжірибелі мамандар тұрғындарға тегін психологиялық көмек көрсетсе, халықтың психологиялық және құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында түрлі профилактикалық кездесулер тұрақты ұйымдастырылуда, – деді ол.
Конгреске арнайы қатысқан Шығыс Еуропа елдері бойынша Дүниежүзілік психиатриялық қауымдастықтың өкілі Николай Негай да қазіргі кезеңдегі психологиялық қызметтің маңызына тоқталды:
– Бүгінде қоғам да, адам психологиясы да өзгеріп келеді. Сондықтан психологиялық көмек көрсету тәсілдері заман талабына сай жетілдірілуі қажет. Технологиялар қаншалықты дамығанымен, олар адам факторын алмастыра алмайды. Біз де қоғам сұранысына бейімделіп, үздіксіз дамуымыз керек, – деді сарапшы.
Ал Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық ғылыми-практикалық психикалық денсаулық орталығының психологиялық зертхана меңгерушісі Жұлдызай Алиева психологиялық қызметтің даму бағыттары, жастар арасындағы аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу және ұлттық психологияның тәрбиелік әлеуеті жөнінде баяндама жасады. Жиын барысында қатысушылар психологиялық қызметтің қолжетімділігін арттыру, мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіру және халықтың психологиялық мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Конгресс қорытындысында панельдік сессияларда көтерілген ұсыныстар негізінде арнайы резолюция қабылданды. Құжатта психолог мамандарының мәртебесін арттыру, білім берегу ұйымдарындағы психологиялық қызметті күшеиту, балалар мен жастардың психологиялық саулығын қорғау, отбасы институтын нығайту және қоғамдағы эмоционалдық мәдениетті дамытуға бағытталған нақты ұсыныстар қамтылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жиында көтерілген бастамаларды іске асыру мақсатында алдағы уақытта мемлекеттік органдармен, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарымен бірлескен жұмыстар жалғасады.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды






