Облыс әкімдігінде өткен бұл кездесу мемлекеттік органдардың, қоғамдық кеңестердің, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін жинады.
Отырысқа қатысушыларды облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Илебаев құттықтады. Кездесуге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Қоғамдық кеңесінің төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Геннадий Шиповских модераторлық етті. Ол елде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға және билік пен қоғамның өзара іс-қимылының демократиялық тетіктерін дамытуға бағытталған ауқымды саяси реформаларды дәйекті түрде іске асыру жалғасып жатқанын атап өтті. Әсіресе, мемлекеттік деңгейде Заң мен Тәртіп, әділдік, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік және қоршаған ортаға ұқыпты қарау принциптері бекітілген Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясына ерекше назар аударылды.
— Мемлекеттің алдағы дамуының маңызды бағдарлары ретінде мәдениет, білім, ғылым және инновациялар айқындалды. Бұл ретте өзгерістердің орталығында адам, оның құқықтары, бостандықтары мен өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктері тұр. Осыған байланысты мемлекеттік саясатты іске асырудың белсенді қатысушыларына айналып отырған азаматтық қоғам институттарына, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамыдық кеңестерге ерекше рөл беріледі, — деді Геннадий Шиповских.
Отырыстың күн тәртібіне азаматтық қоғамды дамытуға, тарихи-мәдени мұраны сақтауға және саланы цифрлық трансформациялауға байланысты бірқатар мәселелер енгізілді.
Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы іс-шаралар туралы Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Тоғжан Зейденова айтып берді. Ол волонтерлік қозғалыстың қоғамдық даму мен азаматтық белсенділіктің маңызды ресурсы ретіндегі мәнін атап өтті.
Цифрландыру тақырыбына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Цифрлық трансформация және жобалық менеджмент департаменті директорының орынбасары Нұркен Сыздығалиннің «Ұлттық цифрлық мұра» жобасын іске асыру туралы баяндамасы арналды. Отырысқа қатысушылар заманауи цифрлық технологияларды қолдана отырып, мәдени құндылықтарды сақтау және дәріптеу міндеттерін талқылады.
«Ұлттық цифрлық мұра» жобасы елдің архивтерін, кітапханаларын, музейлері мен мәдени ресурстарын біріктіретін бірыңғай цифрлық экожүйені құруды көздейді. Бұл платформа мәтін мен сөзді танудың, зияткерлік іздеудің және деректерді автоматты түрде каталогтаудың заманауи технологияларын пайдалануға мүмкіндік береді.
Ұлттық архив қорын цифрландыру мәселесі жиналғандардың ерекше қызығушылығын тудырды. Архив құжаттарын электрондық форматқа көшіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Жамбыл облысы әкімдігінің цифрландыру және архивтер басқармасы архив бөлімінің басшысы Айнұр Құрамысова баяндады.
— Цифрлық технологиялар құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге және азаматтардың тарихи материалдарға қолжетімділігін айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді, — деді ол.
Айнұр Құрамысованың айтуынша, облыс архивтеріне «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі енгізілген. Құжаттар электрондық форматқа көшірілуде, бұл оларды ұзақ уақыт сақтауды қамтамасыз етеді және ақпаратты іздеуді жеңілдетеді. Архив материалдарын цифрлық форматқа өткізу олардың бүлінбей сақталуына кепіл болады, сондай-ақ зерттеушілер мен азаматтар үшін қолжетімділігін арттырады.
— Өңірдің архив қорын цифрландыру жұмысы әлемдік үрдістерге сай жүргізілуде. Бұған Астанада өткен ІІІ Халықаралық архивистер конгресі дәлел, онда Қазақстанның архив саласын цифрландыру деңгейі халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаланды, — деп атап өтті А. Құрамысова.
Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев Қазақстан Республикасының музей қорын қалыптастыру және сақтау ережелері туралы ақпарат ұсынды. Онда музей коллекцияларын сақтау, оларды ғылыми тұрғыдан зерттеу және білім беру қызметінде пайдалану мәселелері қозғалды.
Жамбыл облысының музейлік этнографиясын және материалдық емес мәдени мұра құндылықтарын сақтау, қорғау және дамыту мәселелері туралы Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиев баяндады.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар пікір алмасып, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша шешімдер қабылдады.
Күннің екінші жартысында қонақтар «Шахристан» кешенінің көркемсурет галереясына барып, өңірдің үкіметтік емес сектор өкілдерімен кездесті. Сұхбат барысында азаматтық бастамаларды дамыту, қоғамдық жобаларды қолдау және мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылын кеңейту мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ делегация мүшелері белсенді ұзақ өмір сүру орталығының тыныс-тіршілігімен танысып, «Анаға тағзым» облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығы мен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде болды. Бұл нысандар өңірде отбасын, аға буынды, жастарды қолдау және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды айқын көрсетеді.
Республикалық қоғамдық кеңестің Тараз қаласындағы көшпелі отырысы мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогтың тиімді алаңына айналды. Кездесуге қатысушылар мәдени мұраны сақтау, азаматтық қоғамды дамыту және қоғамдық келісімді нығайту жөніндегі міндеттерді мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық институттардың және белсенді азаматтардың бірлескен күш-жігерімен ғана табысты шешуге болатынын атап өтті.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды






