Қазақстанда цифрлық технологияларды дамыту қарқынды жалғасуда. Мемлекеттік қызметтердің электронды форматқа көшуі, жасанды интеллектінің дамуы, спутниктік жүйелердің жетілдірілуі жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Солардың бірі – түрлі міндетті орындай алатын заманауи дрондар.
Бүгінде дрон жай ғана камера орнатылған құрылғы емес. Ол GPS навигациясы, жоғары дәлдіктегі камералар, тепловизор, сенсорлар және автоматтандырылған басқару жүйелерімен жабдықталған. Соның арқасында бірнеше сағат ішінде үлкен аумақты зерттеп, нақты мәлімет жинай алады.
Қазақстан сияқты аграрлы ел үшін бұл технологияның маңызы ерекше. Дрондар егістік алқаптарын бақылап, өсімдіктің жағдайын талдайды, ылғал жетіспейтін немесе зиянкес таралған аумақтарды анықтайды. Кейбір үлгілері тыңайтқыш пен өсімдікті қорғау препараттарын дәл мөлшермен шашып, шығынды азайтып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Төтенше жағдайлар кезінде де дрондардың тиімділігі жоғары. Орман өрті, су тасқыны немесе іздестіру-құтқару жұмыстары барысында олар апат аумағын әуеден бақылап, қауіп деңгейін жылдам бағалауға көмектеседі. Тепловизор арқылы түнде немесе түтін арасында қалған адамдарды анықтау да әлдеқайда жеңіл.
Құрылыс саласында дрондар нысандардың барысын бақылап, жер бедерін өлшейді, үш өлшемді модельдер жасайды. Бұрын бірнеше күн қажет болған жұмыстар енді бірнеше сағатта орындалады. Бұл уақыт пен қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді.
Экологтар дрондарды табиғатты қорғау бағытында кеңінен пайдаланып келеді. Олар орман алқаптарының жай-күйін бақылауға, заңсыз ағаш кесуді анықтауға, өзен-көлдердің ластануын зерттеуге және жануарлардың көшу жолдарын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қорықтар мен сирек кездесетін өсімдіктерді зерттеуде де бұл технологияның рөлі артып келеді.
Энергетика саласында да ұшқышсыз аппараттардың пайдасы зор. Электр желілері, мұнай және газ құбырлары сияқты инфрақұрылым нысандары әуеден бақыланып, ақаулар қысқа мерзімде анықталады. Бұл жөндеу жұмыстарын жеделдетуге мүмкіндік береді.
Әлемнің бірқатар елінде дрондар дәрі-дәрмек, қан және вакциналарды шалғай елді мекендерге жеткізу үшін қолданылып жатыр. Мұндай тәжірибе Қазақстан үшін де өзекті. Әсіресе табиғи апаттар кезінде қатынасы қиындаған ауылдарға қажетті медициналық көмекті жеткізу ісінде олардың әлеуеті жоғары.
Журналистика мен туризмде де дрондардың мүмкіндігі кеңейді. Әуеден түсірілген бейнематериалдар тарихи ескерткіштер мен табиғи көрікті жерлерді жаңа қырынан таныстырады. Айша бибі, Қарахан кесенелері, Ақыртас, Меркі шатқалы немесе Ақсу-Жабағылы сияқты нысандардың дронмен түсірілген көріністері өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Мамандардың болжамынша, алдағы жылдары жасанды интеллектпен жабдықталған дрондардың мүмкіндігі одан әрі кеңейеді. Олар жүк жеткізу, жол қозғалысын бақылау, ауыл шаруашылығын автоматтандыру және басқа да міндеттерді адамның тікелей қатысуынсыз орындай алады. Кейбір елдерде әуе таксилері де сынақтан өтіп жатыр.
Сонымен бірге дрондарды пайдалану қауіпсіздік талаптарын сақтауды қажет етеді. Әуежайлар, әскери және стратегиялық нысандар маңында рұқсатсыз ұшыруға болмайды. Сондай-ақ азаматтардың жеке өміріне қол сұқпау және қолданыстағы заң талаптарын сақтау маңызды.
Бүгінде дрондар – цифрландырудың символына айналған технологиялардың бірі. Олар адам еңбегін жеңілдетіп, қауіпсіздікті күшейтіп, экономиканың түрлі саласының тиімділігін арттыруға үлес қосып келеді. Сондықтан ұшқышсыз аппараттарды тек бүгіннің емес, жақын болашақтың да басты технологияларының бірі деуге толық негіз бар.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды






