Ыстық пен суыққа қарамастан, ел игілігі үшін ең ауыр да қажетті жұмыстарды атқарып жүрген дәнекерлеушілер, тракторшылар, электриктер, құрылысшылар мен байланысшылар мемлекеттің дамуына шынайы үлес қосып келеді. Олар қай заманда да экономиканың берік тірегі болды және болып қала береді. Қазіргі Қазақстанда да еңбек адамына деген құрмет өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ, қайта уақыт өткен сайын маңызы арта түсуде.
Өз ісіне адалдықтың жарқын үлгісін көрсетіп, өмірінің 40 жылға жуық уақытын байланыс саласына арнаған жандардың бірі — Жамбыл ауданы, Аса ауылының тұрғыны Жеңіс Әбдіғалиев. Ол 1966 жылы қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Бала күнінен еңбекқорлығымен және тиянақтылығымен көзге түскен оған ата-анасы адалдық, кішіпейілділік және еңбекке құрмет сияқты асыл құндылықтарды сіңіріп өсірді. 1983 жылы мектепті бітіріп, Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанған ол, әскер қатарында жүріп мінезін шыңдап, үлкен жауапкершілікті сезініп қайтты.
1987 жылы әскерден оралған бойда «Қазақтелеком» компаниясының жергілікті бөлімшесіне кабельдік дәнекерлеуші болып жұмысқа орналасады. Содан бері тапжылмай 38 жыл бойы осы бір ғана салада табандылық пен жоғары кәсібилік танытып, еңбек етіп келеді. Ауылдық аймақтардағы байланыс желілерінің үзіліссіз, сапалы жұмыс істеуі — осы Жеңіс Әбдіғалиевтің күнделікті қажырлы еңбегінің жемісі. Сырт көзге қарапайым көрінгенімен, бұл мамандық адамнан үлкен шыдамдылықты, темірдей тәртіпті, терең техникалық білім мен төзімділікті талап етеді. Ауа райының құбылыстарына қарамастан, ол елді мекендер арасындағы үзіліссіз байланысты қамтамасыз етіп келеді. Бір күн ішінде бірнеше ауылдың істен шыққан коммуникациялық желілерін ешкімнің көмегісіз, жалғыз өзі қалпына келтіретін кездері де аз емес. Бұл еңбек көп жағдайда тасада қалып жатады, бірақ оның нәтижесі бүгінгі цифрлық заманда әрбір тұрғынның өмірінен анық байқалады.
Жеңіс Әбдіғалиев өз жұмысы мен өмірлік ұстанымы туралы былай дейді: «Әрбір адам өзіне жүктелген міндетті адал атқаруы тиіс. Мен — дәнекерлеушімін, қарапайым жұмысшы болу — мен үшін үлкен мақтаныш. Жастардың да осыны түсінгенін қалаймын. Қазақстанның болашағы еңбекпен құрылады, сондықтан еңбек адамы қай кезде де сұранысқа ие болады». Ол ешқашан атақ-даңққа немесе лауазымға ұмтылған емес, оның басты мақсаты — еліне пайда келтіріп, өз ісін жан-тәнімен, таза атқару.
Сонымен қатар, Жеңіс — отбасында да үлгілі отағасы, аяулы әке. 1989 жылы шаңырақ көтеріп, бүгінде 3 перзентінен 10 немере сүйіп отырған бақытты ата. Ол үнемі балалары мен немерелеріне: «Құрылысшы, жүргізуші немесе дәнекерлеуші бол, кім болсаң да ең бастысы — саған жұрт сенетіндей болсын. Еңбегіңді адал да лайықты атқар», — деген ақылын айтып отырады. Мемлекеттің болашағы әр азаматтың жеке жауапкершілігіне байланысты екеніне сенетін ол осы қағиданы ұрпағының бойына сіңіруді көздейді.
«Қазақтелекомдағы» әріптестері де, ауылдастары да Жеңісті қатты құрметтейді. Ол құрғақ сөзбен емес, нақты ісімен танылған, кішіпейіл әрі сенімді азамат ретінде айналасына үлгі болып отыр. Осындай майталман мамандардың арқасында елімізде интернет пен цифрлық қызметтер еш кедергісіз жұмыс істеп, қала мен шалғай ауылдар арасындағы берік байланыс үзілмей тұр. Технология қаншалықты жедел дамып, жаңа жүйелер енгізілгенімен, кез келген істің негізі — адамның маңдай тері болып қала бермек. Ал Қазақстанда Жеңіс Әбдіғалиев секілді өз ісінің хас шеберлері барда елдегі байланыстың ешқашан үзілмейтініне және әрбір қоңыраудың діттеген жеріне жететініне кәміл сенуге болады.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды






