Астана–Тараз бағытындағы әуе рейсі кезінде Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов денсаулығы күрт нашарлаған жолаушыға медициналық көмек көрсетті.
Ұшу барысында 38 жастағы Ресей азаматының жағдайы кенеттен нашарлаған. Әйел әлсіздікке, жүрек айнуына, артериялық қысымының көтерілуіне және ауа жетіспеуіне шағымданған.
Ұшақ бортында өзге медицина қызметкері болмағандықтан, Манас Рамазанов жедел көмекке кіріскен. Ол жолаушының жағдайын бағалап, қан қысымын өлшеп, қажетті алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Нәтижесінде әйелдің жағдайы жақсарған.
Вице-министр Тараз әуежайына жедел жәрдем бригадасын алдын ала шақыртқан. Ұшақ қонғаннан кейін жолаушы медицина қызметкерлеріне тапсырылып, әрі қарайғы көмекпен қамтамасыз етілді.
Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да Астана–Алматы бағытындағы рейсте жағдайы нашарлаған жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсеткен болатын. Министр бұл жағдайға қатысты әлеуметтік желідегі пікірлерге жауап беріп, дәрігер ретінде өз міндетін ғана орындағанын айтқан







