Ортақ мақсатқа тоғысқан белсенді жастар, еріктілер мен тұрғындар туған өлкенің көркеюіне өз үлестерін қосып, қоршаған ортаға деген жанашырлықтарын іс жүзінде көрсетті. Бұл жолғы экологиялық бастамалар негізінен саябақтар мен демалыс орындарын, көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді қамтып, аумақтарды қоқыстан тазартумен қатар табиғатты аялау мен қоғамдық орындарға ұқыпты қараудың маңызын кеңінен насихаттауға бағытталды.
Экологиялық шара өңірдің әр ауданында өзіндік тақырыптық бағытта өрбіп, ауқымды жұмыстар жүргізілді. Тараз қаласында Абай мен А. Пушкин көшелерінің қиылысындағы Пушкин ескерткішінің маңында «Тазалық жаршысы» акциясы ұйымдастырылса, Байзақ ауданының Сарыкемер ауылындағы дендросаябақта «Жастар және тазалық: ортақ жауапкершілік» бастамасы қолға алынды. Жамбыл ауданының Аса ауылында «Экологиялық мәдениет: тазалық өзімізден басталады» тақырыбында тазалық жұмыстары өтіп, Жуалы ауданында орталық саябақ толығымен ретке келтірілді. Меркі ауданында бұл бастама әсем Меркі шатқалында «Таза өлке – таза ел» ұранымен жалғасын тапса, Қордай ауданында Абылай хан мен Өтеген батыр көшелерінің қиылысындағы көпір маңы мен канал аңғары «Таза Қазақстан – таза болашақ» тақырыбында тазартылды. Шу қаласындағы «Теміржолшылар» саябағында «Тазалық – ортақ жауапкершілік» бастамасы жүзеге асып, Шу ауданында М. Жүнісәлиев атындағы саябақ аумағы тазаланды. Сондай-ақ Т. Рысқұлов ауданында «Ардагерлер» саябағы, Талас ауданының Қаратау қаласында «Қуғын-сүргін» саябағында «Таза табиғат – ұлт байлығы» акциясы, Сарысу ауданының Жаңатас қаласындағы 1-шағын аудан, №41 үйдің ауласында «Таза Қазақстан – таза орта» бастамасы және Мойынқұм ауданында Ж. Қуанышбаев атындағы саябақта тазалық шаралары табысты атқарылды.
Мұндай игі бастамалардың түпкі мақсаты – тазалықты бір күндік науқан емес, әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналдыру болып табылады. Туған өлкенің ажары мен қоршаған ортаның тазалығы өңір тұрғындарының ортақ жауапкершілігіне тікелей байланысты болғандықтан, мұндай акциялар қоғамдық орындарды ретке келтіріп қана қоймай, бұқараның табиғатқа деген жанашырлық көзқарасын қалыптастыруға зор ықпал етеді. Жалпы «Таза Қазақстан» акциясы бастау алғалы Жамбыл облысында 48,5 мың түп жасыл желек отырғызылып, 5,9 мың шақырым көше жолдары тазартылды. Сонымен қатар 1 210 шақырым арық мен канал жүйелері ретке келтіріліп, саябақтар мен скверлердің 804,8 мың шаршы метр аумағы абаттандырылып, 13 мың тоннадан астам күл-қоқыс арнайы орындарға шығарылды. Тазалыққа үндеген әрбір бастама туған жерге деген құрметтің айқын көрінісі болып табылады және осындай ортақ іске жұмылған бұқараның белсенділігі өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып, келер ұрпаққа таза әрі көрікті өлке қалдыру жолындағы маңызды қадам болып қала береді.







