Жетісу облысының ауылдық округ әкімдері мен мектеп директорлары мүгедектігі бар адамдардың, көпбалалы аналардың, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Ана даңқы» және басқа да марапаттарға ие болған аналардың жалақыларынан міндетті төлем сомаларын заңсыз ұстап отырған.
Прокуратура «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңның талаптарына сәйкес азаматтардың бұл санаты үшін мұндай жарналарды мемлекет төлейтінін жеткізді.
Қанша қаржы ұсталған?
Алайда соған қарамастан, кейбір жұмыс берушілер тарапынан қолдауға мұқтаж 166 азаматтың жалақысынан 5,5 миллион теңгеден аса қаржы заңсыз ұсталғаны белгілі болды.
Жетісу облысы прокуратурасының қадағалау актісі бойынша бұл азаматтардың бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, заңсыз ұсталған қаржыны қайтару рәсімі басталды.
Кінәлі лауазымды тұлғалар, оның ішінде екі ауылдық округтің әкімі мен бір мектеп директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Прокуратура әрбір азаматтың құқықтарын сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, заңбұзушылықтардың кез келген жағдайына дер кезінде әрекет етуге дайын екенін мәлімдеді.