Сайысқа облыс аудандары мен Тараз қаласынан 12-15 жас аралығындағы 10 қатысушы қатысты. Жыр додасына қатысушылар «Жыр жауһары», «Ойдан өлеңге», «Өлең сөздің жалғасы» кезеңдері бойынша бақ сынады. Әр кезең қатысушылардың өлең оқу мәнері, шығармашылық қабілеті, көркемдік деңгейі, ұйқас пен мазмұн үйлесімі секілді бағалау критерийлері бойынша сараланды.

Жас ақындарға Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының баспасөз хатшысы, ақын Ғалия Абылай, Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі Назым Қожамарова, Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының ғылыми қызметкері, айтыскер ақын Дидар Апбасов төрелік етіп, бағаларын берді.
Іс-шара барысында әнші Құралай Изтаева, «TUMAR» art studio орталығының «Кербез» би тобы және домбырашылар триосы өнер көрсетіп, кештің көркін қыздырды. Әсем әуен мен ұлттық өнер тоғысқан тағылымды кеш қатысушылар мен көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Сайыс қорытындысы бойынша Жамбыл ауданының намысын қорғаған Досым Абай бас жүлдеге ие болды. Таластық Сәттұрсын Алдияр I орынға лайық деп танылды. Ал Шу ауданынан келген Төкен Арайлым мен Жамбыл ауданының атынан қатысқан Жамалбек Мирас II орынды өзара бөлісті. Мойынқұмдық Жарылқасын Жанасыл мен тараздық Шырынхан Шерхан III орын иегері атанды. Сонымен қатар байқауға қатысқан өзге де үміткерлер түрлі номинациялар бойынша марапатталып, арнайы алғыс хаттарға ие болды.
Облыстық жыр сайысы жас ақындардың шығармашылық қабілетін дамыту, көркем сөзге деген қызығушылығын арттыру, поэзияны насихаттау, талантты жастарды қолдау және олардың өз ойын өлең арқылы еркін жеткізуіне мүмкіндік жасау мақсатына бағытталды.
Мақала Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды







