Жамбыл облысы – қай кезде де өзінің өндірістік әлеуетімен танылған өлке. Аграрлық өңірде асыраушы саланы алшаң бастырып, тұрғындардың тұрмысын түзеуде аудандардың сіңіріп жатқан еңбегі ұшан-теңіз. Әсіресе, аймақпен аттас Жамбыл ауданының жыл ішінде жеткен жетістігі орасан. Оны біз айтпасақ та бұқара көзбен көріп, тындырымды тірлікті бас бармақпен бағалауда.
67,4 миллиард теңгеге 11 жоба жүзеге асады. Ауданда 10 ай ішінде өнеркәсіп өнімдері 0,3 пайызға артып, 15,6 миллиард теңгені құраған. Негізгі капиталға салынған инвестиция 4,3 миллиард теңгеге өсіп, 25,3 миллиард теңгеге жеткен. Енді алдағы уақытта аудан 67,4 миллиард теңгеге 11 жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Аудан әкімі Сәкен Арубаевтың айтуынша, 1,5 миллиард теңгеге «Жамбыл Ет MS» ЖШС мал бордақылау алаңын салса, «Көкжиек–2030» ЖШС дәл осындай сомаға сүт фермасының құрылысын жүргізеді екен. Ал «Алель Агро» ЖШС 2,5 миллиард теңгеге құс фабрикасының кірпішін қаламақ. Бұдан бөлек, Good Look ЖШС сүт тауарлы фермасының (2,5 млрд теңге), «Денвер-Т» ЖШС жылыжай кешенінің (2,5 млрд теңге), «Аса-Даму» ЖШС құс фабрикасының 4 корпусының (150-180 млн теңге), «КазФос» ЖШС натрид гексаметофосфатын өндіретін желісін (2 млрд теңге), «Тараз» ӘКК және «Далаагро» ЖШС жылыжай кешенінің (15 млрд теңге), Shell ЖШС күн электростансасының (20 млрд теңге), «Тараз Мұнай Өнімдері» ЖШС сұйытылған газ шығаратын зауыт құрылысын (20 млрд теңге) және Super pharm ЖШС бірреттік медициналық шприцтер шығаратын 3 корпус құрылысын (1,2 млрд теңге) жандандырмақ.
«Қарапайым заттар экономикасы» аясында 1,8 миллиард теңгеге 23 жоба қаржыландырылып, бұдан бөлек 105 миллион теңгеге 3 жоба қаралу үстінде.