Кездесу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру және ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту жолдары сөз болды. Кандидаттар бағдарламаның негізгі міндеттерін түсіндіріп, өңірдің алдағы бес жылда жүзеге асыруды көздейтін жоспарларына тоқталды.
Тұрғындарды сапалы ауызсумен, табиғи газбен және тұрақты жылумен қамтамасыз ету – өңірлік бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі. 2031 жылға дейін облыста 1,2 мың шақырым су құбыры желісін жаңғырту, 79,7 мыңға жуық тұрғыны бар 30 елді мекенді табиғи газбен қамту жоспарланған. Нәтижесінде орталықтандырылған газбен қамту деңгейін 97,3 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, Тараз, Қаратау, Жаңатас және Шу қалаларында 70,5 шақырым жылу желісі қайта жаңғыртылады. Бұл жылу желілерінің тозу деңгейін 53 пайыздан 44,3 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Аталған қалаларда кәріздік тазарту құрылыстарын салу да жоспарланған.
Кездесуде өңір экономикасын әртараптандыру, жаңа өндірістер ашу және тұрақты жұмыс орындарын құру мәселелеріне де назар аударылды. Сайлауалды бағдарламаға сәйкес, 2031 жылға дейін облыста 116 инвестициялық жобадан тұратын портфельді іске асыру көзделген. Бұл жобалар 20 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен кемінде 63 мың адамды қамту, «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында 514 жобаның қаржыландырылуына ықпал ету жоспарланған. Бұл бастамалар кәсіпкерлікті дамытуға, тұрғындардың тұрақты табыс табуына және өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған.
Бағдарламада ауылдық елді мекендердің цифрлық инфрақұрылымын дамытуға да басымдық берілген. 2031 жылға дейін ауылдарда 37 жаңа базалық станция орнату, аудандық деңгейде 10 IT-хаб ашу және ауылдық елді мекендерді интернетпен қамту деңгейін 100 пайызға жеткізу жоспарланған. Бұл ауыл тұрғындарының цифрлық қызметтерге, білім беру ресурстарына және жаңа технологияларға қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.
Сондай-ақ партия бағдарламасында оның орындалуын қоғамдық кеңестер, мәслихаттардың тұрақты комиссиялары және партиялық бақылау тетіктері арқылы қадағалау көзделген. Бұл жергілікті мәселелерді зерделеуге, тұрғындардың ұсыныстарын ескеруге және қабылданған міндеттердің орындалуы туралы есеп беруге мүмкіндік береді.
Кездесу соңында аудан тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, инфрақұрылым, жұмыспен қамту және әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары бойынша ұсыныстарын білдірді. Кандидаттар көтерілген мәселелерді тыңдап, сайлауалды бағдарламада белгіленген міндеттер мен олардың іске асырылу тетіктері жөнінде түсіндірді.
Дайындаған: «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Д. А. Қаипов.
Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігінің сайлау қоры қаражатынан төленді.







