Қазіргі таңда қоршаған ортаны қорғау, туған жердің табиғатын аялау және өскелең ұрпақтың санасына экологиялық мәдениетті сіңіру – мемлекеттік деңгейде маңызға ие басым бағыттардың бірі. Осы игі мақсатты жүзеге асыру бағытында республика көлемінде қарқын алған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы өңірлерде өз жалғасын табуда. Осы орайда, Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназияда «Дәндерді тастама – табиғатқа мүмкіндік бер» экологиялық акциясымен үндескен «Гүл егу» және «Көшет отырғызу» атты ауқымды танымдық шара ұйымдастырылды.
Бұл игі бастамаға мектеп ұжымы, ата-аналар қауымы және жастар бірлестігі ерекше ұйымшылдық танытты. Атап айтқанда, білім ордасының 1-сыныптарында білім алатын 369 оқушының ата-аналары және мектептің еріктілер қозғалысының белсенді мүшелері бір кісідей жұмылып, білім ошағының ауласын көгалдандыруға өздерінің сүбелі үлестерін қосты. Жас ұрпақтың көзінше жасалып жатқан бұл тәрбиелік мәні зор іс-шара балалардың санасына еңбекпін ересектердің қамқорлығын үлгі етіп көрсетті.
Бір мақсат, ортақ мүдде төңірегіне топтасқан ата-аналар мен еріктілер бірлесе отырып, мектеп ауласына алуан түрлі гүлдер егіп, жас талдар мен көшеттер отырғызды. Ортақ еңбек пен таза ниеттің арқасында білім ошағының айналасы қысқа мерзім ішінде жасыл желекке оранған көркем де көрікті мекенге айналды. Мұндай іс-шаралар оқушылардың эстетикалық талғамын арттырып қана қоймай, табиғатқа жанашырлық танытуға, туған жерге деген сүйіспеншілікті оятуға айрықша әсер етеді.
Аталған экологиялық акцияның түпкі мақсаты тек көгалдандыру жұмыстарымен шектелмейді. Басты міндет – оқушылардың бойында терең экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаның әрбір бөлшегін қадірлеуге баулу және жасыл желектерді күтіп-баптаудың маңыздылығын ұғындыру. Сонымен қатар, бұл игі шара ата-ана, мектеп пен еріктілер ұйымдары арасындағы тығыз ынтымақтастықты, әлеуметтік серіктестікті және өзара сенімді нығайта түсуге зор мүмкіндік берді.







