Іс-шараның негізгі мақсаты – қатысушылардың медиация саласындағы кәсіби білімін жетілдіру, дау-жанжалдардың алдын алу және оларды бейбіт жолмен реттеу дағдыларын дамыту, сондай-ақ қоғамда диалог, өзара түсіністік пен келісім мәдениетін нығайту болды. Семинар-тренингке түрлі сала мамандарының қатысуы шараның мазмұнын тәжірибелік тұрғыдан байыта түсті. Себебі күнделікті қызмет барысында учаскелік полиция инспекторлары тұрмыстық және қоғамдық сипаттағы жанжалдармен, мектеп әкімшілігінің өкілдері оқушылар, ата-аналар мен педагогтер арасындағы келіспеушіліктермен, ал медиаторлар әртүрлі тараптардың мүдделерін үйлестіру мәселелерімен жиі кездеседі.
Семинардың спикерлері қатарында Жамбыл облысы Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру жұмысы және заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Салиева Жанбота Газизовна, Жамбыл облысы адвокаттар алқасының мүшелері Барат Дилора Закиржанқызы мен Арзымбетова Алия Исмадильдаевна, сондай-ақ Облыстық психологиялық қолдау орталығының Психологиялық бөлім басшысы Ережепова Айжан Рысбековна болды. Мамандар семинардың теориялық және практикалық бөлімдерін жүргізіп, медиацияның құқықтық негіздері, негізгі қағидаттары мен күнделікті қызметте қолдану мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берді.
Теориялық бөлімде медиацияның еріктілік, тараптардың теңдігі, медиатордың бейтараптығы мен тәуелсіздігі, құпиялық секілді негізгі қағидаттарына назар аударылды. Сондай-ақ медиатордың міндеті тараптардың бірінің мүддесін қорғау немесе кімнің дұрыс екенін анықтау емес, керісінше, екі тарапқа да өзара қолайлы шешімге келуге жағдай жасау екені түсіндірілді. Қатысушыларға даулы жағдайларда тараптардың бастапқы ұстанымымен ғана шектелмей, олардың нақты мүдделері мен қажеттіліктерін анықтаудың маңыздылығы айтылды. Мамандардың пікірінше, жанжалдың сыртқы көрінісіне емес, оның түпкі себебіне назар аудару көптеген даулардың ушығуына жол бермейді.
Семинар барысында білім беру ұйымдарындағы медиацияның маңызы да кеңінен қозғалды.
Мектеп ортасында оқушылар арасындағы түсініспеушілік, ата-аналар мен педагогтер арасындағы келіспеушілік немесе оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынас мәселелері туындауы мүмкін. Мұндай жағдайда бірден жазалау немесе қарама-қайшылықты күшейту орнына, тараптарды тыңдап, мәселені диалог арқылы реттеу тиімді нәтиже бере алатыны атап өтілді. Мәселен, екі оқушы арасында туындаған жанжалға ата-аналар араласқан жағдайда мәселе қысқа уақыт ішінде мектеп қауымдастығына таралуы мүмкін. Осындай кезде медиативтік тәсіл қолдану арқылы әр тараптың ұстанымын тыңдап, жанжалдың нақты себебін анықтап, барлық тарапқа қолайлы ортақ шешім қалыптастыруға мүмкіндік бар.

Семинар спикерлері медиацияның тәрбиелік маңызына да назар аударды. Мұндай тәсіл жасөспірімдерді тек ережеге бағынуға емес, өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауға, өзгелердің пікірін тыңдауға және дау-жанжалды өркениетті жолмен шешуге үйретеді.
Жанжал психологиясы және эмоцияларды басқару Семинардың тағы бір маңызды бағыты – жанжалдың психологиялық табиғатын түсіндіру болды. Қатысушыларға жанжал кезінде адамның эмоционалдық жағдайы оның шешім қабылдауына тікелей әсер ететіні айтылды. Ашулану, реніш, қорқыныш немесе өзін әділетсіздікке ұшырадым деп сезіну жағдайында тараптар мәселені объективті бағалаудан алыстап кетуі мүмкін. Осыған байланысты белсенді тыңдау, қайта тұжырымдау, ашық сұрақтар қою және «мен-хабарламасын» пайдалану секілді тиімді коммуникация әдістері ұсынылды.
Мысалы, «Сіз үнемі дұрыс істемейсіз» деген айыптау сипатындағы сөздің орнына «Бұл жағдай мен үшін қиын болды, себебі…» деп өз сезімін білдіру қарсы тараптың қорғаныс реакциясын төмендетіп, конструктивті диалогқа жол ашады.
Семинар-тренинг теориялық дәрістермен ғана шектелмей, практикалық форматта жалғасты.
Қатысушыларға кәсіби қызмет барысында кездесуі мүмкін түрлі даулы жағдайлар мен өмірлік кейстер ұсынылды. Әр топ берілген жағдайды талдап, оны медиация және диалог әдістері арқылы шешудің ықтимал жолдарын қарастырды.
Практикалық тапсырмалар барысында қатысушылар тараптардың позициясы мен нақты мүддесін ажыратуға, жанжалдың түпкі себебін анықтауға, эмоционалдық шиеленісті төмендетуге, дұрыс сұрақ қоюға және екі тарапқа да қолайлы шешім қалыптастыруға бағытталған тәсілдерді тәжірибе жүзінде пайдаланды. Спикерлер әр кейс бойынша кәсіби түсініктеме беріп, нақты жағдайда қандай коммуникациялық тәсіл тиімді болатынын талқылады.
Семинардың ерекшелігі – бір алаңда құқық қорғау, білім беру, заңгерлік, психологиялық және медиация саласындағы мамандардың бас қосуы болды. Ашық пікір алмасу барысында қатысушылар өздерінің күнделікті қызметінде кездесетін мәселелерді ортаға салып, нақты жағдайларға қатысты спикерлердің пікірін тыңдады. Бұл формат мамандарға тек жаңа ақпарат алуға емес, бір-бірінің жұмыс ерекшелігін түсінуге және жанжалдардың алдын алу барысында ведомствоаралық өзара байланыстың маңызын бағалауға мүмкіндік берді.
Семинар барысында көтерілген негізгі ойлардың бірі – медиация тек белгілі бір дауды шешуге арналған құрал емес, қоғамдағы өзара құрмет пен диалог мәдениетін қалыптастыратын маңызды институт екендігі болды. Адамдар арасындағы келіспеушіліктің болуы табиғи құбылыс. Бірақ сол келіспеушілікті күштеу, қысым көрсету немесе ұзақ уақытқа созылған қақтығыс арқылы емес, өзара тыңдау мен келіссөз арқылы шешу – құқықтық әрі мәдени тұрғыдан жетілген қоғамның белгісі.
Іс-шара соңында қатысушылар спикерлерге сұрақтарын қойып, тәжірибелерімен бөлісті. Семинар-тренинг мамандардың медиация туралы теориялық білімін толықтырып қана қоймай, күнделікті жұмыста қолдануға болатын практикалық құралдарды меңгеруге мүмкіндік берген кәсіби диалог алаңына айналды.
Диалог – түсіністікке, медиация – келісімге, ал өзара келісім – қоғамдық тұрақтылыққа бастайды.
Мұхтарәлі Әбуәлі






