Таразда есірткі таратумен айналысқан тұрғыннан 200 орам «синтетика» тәркіленді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы Полиция департаменті және Тараз қаласы прокуратурасының қызметкерлері облыс орталығының Абай көшесінде жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында 24 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.
«Ер адамнан ішінде ұсақ кристалды ұнтақ зат бар буып-түйілген 200 орам табылып, тәркіленді. Сондай-ақ, оның тұрғылықты жерін тінту барысында ішінде ірі кристалды ұнтақ заты бар 3 пакет, екі орам ас үй фольгасы, электрон таразы, 1000 дана ZIP-пакет және түрлі-түсті 20 изолентасы бар полиэтилен пакеті табылды», — делінген хабарламада.
Тергеу барысында ер адам әлеуметтік желідегі қосымшалардың бірінде тіркелгенін көрсеткен. Онда белгісіз адам оған есірткіні барып алу керек орындар көрсетілген мекенжайлардың суреттерін жіберіп отырған. Содан кейін оларды буып-түйіп орап, тапсырма бойынша жасырын орындарға қоюмен айналысқан, әр таратылған тауар үшін картасына төлемақы түскен.
«Сараптама қорытындысына сәйкес, табылған заттар жалпы салмағы 52,57 грамм «Альфа-PvP» синтетикалық есірткісі. Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері соталды тергеп-тексеруді бастады. Күдікті кінәсін мойындап, Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамақа алынды», – деді Жамбыл облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.