Жамбыл аудандық сотында сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу (ҚК 189 б. 1 б.) бойынша айыпталған Ш.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, — деп хабарлайды Жамбыл аудандық сотының баспасөз қызметі.
Сотпен не анықталды:
2023 жылдың маусымда сотталушы Ш. Шайқорық ауылында орналасқан Б. пәтерін 2023 жылдың шілдесіне дейін 20 мың теңге сомасына жалға алып, тұтынуға қажетті заттардың барлығы үйде қалатынына келісіп, жұбайымен бірге тұрған.
Пәтер иесінің сеніміне қиянат жасап, пәтерде орналасқан мүлікті сатуға қылмыстық ниеті пайда болған.
Ал 2023 жылдың шілдесінде сотталушы «Whatsapp» менеджері арқылы «Шөлдала OLX» тобына хабарландыру беріп, сол күні үйдегі барлық мүлікті бейтаныс адамға 100 мың теңгеге сатып жіберген. Осылайша жәбірленуші Б.-ға жалпы сомасы 769 мың теңгеге материалдық залал келтірген.
Тараптардың позициясы
Прокурор 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды және өтелмеген материалдық залал сомасы 674 мың теңге өндіріп алуды сұрады. Сотталушы Ш. өзінің кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініп, жазаны жеңілдетуді сұрады.
Дәлелдер бойынша
Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, бейне жазбалармен және басқа да заттай дәлелдемелермен толық дәлелденді.
Сот шешімі
Жасалған іс орташа ауырлықтағы қылмыстық құқық бұзушылық санатына жатқызылып, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Жаза тағайындау кезінде сот шын жүректен өкінуді қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай деп таныды. Сот ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ. Жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, сотталушы Ш.-ға пробациялық бақылау белгіленіп, 1 жыл мерзімге шектеу түрінде жаза тағайындалды. Жәбірленушінің талап арызы толық көлемде қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.