Күн өту салдарынан бастапқыда адамның тамыр соғысы, жүрек қағысы жиілеп, тынысы тарылуы мүмкін. Сондай-ақ күн өткен кезде құлағы шулау, денесі ауырсыну, құсу, терлеу, мұрыннан қан кету, 38-40 градусқа дейін ыстығы көтерілу, есінен тану сияқты белгілері болатының денсаулық сақтау мамандары айтты.Бұл туралы Turaninfo.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Күн өту – адам ағзасына ыстық қатты өткен кезде туындайтын ауру. Бұл, әрине, мән бермесе, ауруға айналады. Оған, әсіресе, жүрек және қан тамыр ауруларымен ауыратын, сондай-ақ эндокрин сырқатына шалдыққан адамдар бейім келеді.
Күн өту белгілері.
Аптап ыстықта ұзақ уақыт бас киімсіз жүру салдарынан адамның басынан күн өтуі мүмкін. Күн өтудің бастапқы белгілері — ауыз қуысының қатты кебуі, шөл қысу, бас ауруы немесе бас айналу, әлсіздік, жүрек айнуы.
Күн өту салдарынан бастапқыда адамның тамыр соғысы, жүрек қағысы жиілеп, тынысы тарылуы мүмкін. Сондай-ақ күн өткен кезде құлағы шулау, денесі ауырсыну, құсу, терлеу, мұрыннан қан кету, 38-40 градусқа дейін ыстығы көтерілу, есінен тану сияқты белгілері болады. Қан қысымымен зардап шегетіндерге ол қауіптілеу. Қатты ыстықтан, кейбіреулер қан қысымы жоғарылап, ауыр асқынуларға ұшырауы мүмкін.
Күн өткенде көрсетілетін медициналық көмектер:
Күн өткен кезде жағаны босатып, сыртқы киімдерді шешіп, салқын жерде демалу керек. Мүмкін болса, күн өткен адамға салқын су сепкен жөн. Салқын суға түсу де мұндай жағдайда жақсы көмектеседі.
Күн өткен науқасқа мұздай су беруге болмайды, себебі ол бронхитке, өкпе қабынуына әкеп соғуы мүмкін. Күн өту салдарынан адамның басы қатты ауырғанда және ыстығы көтерілгенде, 1-2 таблетка анальгин немесе ацетилсалицил қышқылын бергенжөн.
Егер күн өткен адам есінен танып қалса, нашатыр спиртін иіскету керек. Сонымен қатар күн өткен науқасты шалқасынан жатқызып, аяғын сәл көтеріп, шешіндіріп, демалдыру қажет. Ал егер есін жоғалтпаса, ыстық шай, су немесе аздап тұз қосылған су (1 литр суға жарты шай қасық тұз қосып) берген жөн.
Күн өтуден сақтану шаралары
Күн өтуден сақтану үшін аптап ыстық кезінде тамаққа тойып алып немесе ішімдік ішіп алып далада ұзақ жүруге болмайды. Сонымен бірге ашық күн астында ұйықтамаған жөн.
Күн өтпеуі үшін жеңіл бас киім киіп немесе ақ орамал тағып алу керек, сондай-ақ қимыл-қозғалысқа кедергі келтірмейтін ашық түсті жеңіл киім кию қажет. Сонымен қатар жеңіл аяқ киім киген абзал. Жеміс-жидек, көкөністер мен жеңіл сіңімді тағам жеу де күн өтуден сақтануға көмектеседі. Күннің ыстық кезінде, көбіне, далада көп жүрмей, жабық, салқын жерлерде болған жөн. Сондай-ақ, су ішіп жүруді ұмытпаңыз.
Жатқанбай Әділет