Қазақстанда азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және қоғамда заң үстемдігі қағидатын нығайтуға бағытталған «Заңды құрметтейсің – өзіңді құрметтейсің» жобасы қорытындыланды, деп хабарлайды TURANINFO.KZ ақпарат агенттігі.
Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Жамбыл облысының КЕҰ қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.
Бастаманың негізгі мақсаты – «Заң және тәртіп» тұжырымдамасының құндылықтарын дәріптеу, азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және күнделікті өмірде өз құқықтарын тиімді пайдалануына ықпал ету.
60 кездесу және 1500-ден астам қатысушы
Жоба аясында республикалық маңызы бар 3 қала мен еліміздің 17 облысында барлығы 60 кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараларға 1500-ден астам адам, оның ішінде жастар, ардагерлер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғам белсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Кездесулер ашық диалог форматында өткізіліп, нақты өмірлік жағдайлар мен құқықтық мәселелер талқыланды. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, құқықтық мәселелер бойынша түсіндірмелер алды.
Жоба барысында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше назар аударылды.
Инфографика, бейнероликтер және балаларға арналған комикстер
Құқықтық ақпаратты халыққа түсінікті әрі қолжетімді форматта жеткізу мақсатында 20 инфографика әзірленіп, жарияланды.
Көрнекі материалдарда «Заң және тәртіп» тұжырымдамасының негізгі құндылықтары, күтілетін нәтижелері, мемлекеттік шаралар және азаматтық қоғамның рөлі қамтылды.
Сонымен қатар азаматтардың өз құқықтарын білуіне және оларды жүзеге асыруына бағытталған бейнероликтер дайындалды.
Балаларға арналған тақырыптық комикстер үш бағытты қамтыды:
- Жол қозғалысы ережелерін сақтау;
- Адасып қалған жағдайда дұрыс әрекет ету;
- Буллингтің алдын алу.
Құқық қорғау саласындағы үздік бастамалар
Жобаның маңызды іс-шараларының бірі – азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша үздік тәжірибелерді анықтауға арналған «Заң және тәртіп: заңның үстемдігі» республикалық байқауы.
Байқау бес номинация бойынша ұйымдастырылды:
- Үздік адвокациялық науқан;
- Құқықтық ағарту саласындағы инновациялар;
- Халықтың осал топтарының құқықтарын қорғау;
- Құқықтарды қорғаудағы цифрлық құралдар;
- Жергілікті деңгейдегі үздік құқық қорғау бастамасы.
Байқауға барлығы 15 өтінім келіп түсті.
Ақпараттық науқанның нәтижелері
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жоба аясындағы ақпараттық науқан әлеуметтік желілерде айтарлықтай аудиторияны қамтыған.
- 30 000-нан астам бірегей аккаунт қамтылды;
- 20 000-нан астам қаралым тіркелді;
- Профильдегі әрекеттер саны 3500-ден асты.
Жоба құқықтық сауаттылықты арттырудың барлық жастағы азаматтар үшін маңызды екенін көрсетуге бағытталды. Заңды білу, өз құқықтарын қорғау және өзгенің құқықтарын құрметтеу – құқықтық мәдениеттің негізгі құрамдас бөліктері.
«Заңды құрметтейсің – өзіңді құрметтейсің» бастамасы азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың құқықтық ағарту бағытындағы өзара іс-қимылына мүмкіндік берді.









