Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әртісі Жанар Үстеміровамен «Ұлы дала әуендері» атты онлайн ән кеші Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында өтті.
Бекзат болмыстың иесі Жанар сахнаға алғаш келген жылдарын, өнердегі ұстаздары жайлы, сахнадағы образды қалыптастыру үлкен еңбекті талап ететінін, кербез жүрісті салу үшін оқтаумен жүріп, иықты қалыпты ұстау үшін кітапты басқа қойып, ұзақ жаттығулар жасағанын, сымбатты үнемі бір қалыпта ұстау үшін артық салмақтан арылып жүретінін айтты.
Өнер сахнасында 20 жылдан астам жүргенін, үнемі ізденіс, дауыс баптау, шығармашылық даму жолы екенін, қазақтың қара домбырасына адалдық, ұлттық аспапты таңдауда маман кеңесіне жүгінетінін, арнайы жасататынын, эстрада әндерін жанды дауыста шырқау сәттерін айтып өтті. Бірнеше әнді орындап, Дина Нұрпейісованың 160 жылдық мерейтойына орай Динаның күйін тартып, эстрада жанрында әндерді шырқады.
Үлкен сахнада екі рет шығармашылық кешін бергенін, алғашқысы «Күй – құдірет, ән – сезім», екіншісі «Еліме тағзым» атауымен өткенін атап өтті. Екі кешінде де үлкен сахнадағы әріптестері қолдау білдіріп, халықтың көңілін шыққанын, ән мен сөзге қатты назар аударатынын, киелі сахнаға сапалы ән мен қастерлі сөзді қатар алып шыққысы келетінін жеткізді.
Өнердегі әйел адамның жолы, отбасының орыны, бала тәрбиесі жөнінде де келелі әңгіме өрбітті. Үлкен отбасының аяулы келіні, асыл жар, үш баланың анасы екенін мақтанышпен жеткізді.
Жанар Үстемірова онлайн оқырмандардың сауалдарына жауап беріп, кешті әсем әнмен аяқтады.






