–Жалпы мекеме туралы айтып берсеңіз. Мектепте қандай спорт түрлері бар?
– Спорт мектебіміз күрестің атасы Жақсылық Үшкемпіровтың атында. Бізде қазіргі таңда жалпы 7 түрлі спорт секциясы жұмыс істейді. Атап айтқанда: бокс, грек-рим күресі, таэквондо, дзюдо, қол күресі, каратэ WKF және қазақ күресі. Осы спорт түрлерінің барлығы оқушылардың физикалық дамуына, тәртіп пен төзімділікке тәрбиелеуге үлкен ықпал етеді.
– Спорт мектебінде қазіргі таңда қанша бала тәрбиеленіп жатыр?
–Мектебімізде нақты 712 спортшы бар. Спортшыларымыздың барлығы осы ауданның балалары. Соның ішінде 252 спортшы боксқақатысса, 132 спортшымыз грек-рим күресіне, 107 жеткіншек таэквондо спортында бой көрсетсе, қол күресінде 123 спортшы қатысады, каратэ WKF-ке 12 жеткіншек, қазақ күресінде 126 жасөспірім тәлім алып жатыр.
– Жалпы спорт секцияларына жаңадан келген балалармен жұмыс қалай басталады? Бірден жарысқа қатыса ма, әлде арнайы дайындықтан өте ме?
– Оқушы спорт секциясына келісімен оны бірден жарысқа қосып жібермейміз. Өйткені әр спорт түрінің өзіне тән әдіс-тәсілі, тактикасы және дайындық кезеңі бар. Ең алдымен балаға сол спорттың негізгі ережелері, техникасы мен қауіпсіздік шаралары үйретіледі.Мәселен, күрес секциясында алдымен дұрыс құлауды үйретеді. Себебі күресте жарақат алмас үшін құлау техникасын меңгеру өте маңызды. Осылайша балалар жаттығу арқылы шынығып, дайындық деңгейі жоғарылаған кезде ғана оларды жарыстарға қатыстыра бастаймыз. Жаттықтырушылар әр баланың физикалық және психологиялық дайындығына қарап, оның қай кезде жарысқа дайын екенін анықтайды. Тек дайын болған сәтте ғана оларды бәсекеге қосады. Бұл – оқушылардың денсаулығы мен спортқа деген қызығушылығын сақтап қалудың ең тиімді жолы.
– Осы мекемеде қызмет етіп келе жатқаныңызға қанша уақыт болды? Ал өзіңіздің спортшы ретінде ең алғаш қатысқан спорт түрі қандай болды?
– Мен бұл қызметке 2024 жылдың қараша айынан бастап кірістім. Ал спортқа келу жолым бұдан әлдеқайда бұрын басталған. Спорт әлеміне алғашқы рет 1998 жылы, бірінші сыныпқа барған кезімде ендім. Сол уақыттан бері әртүрлі спорт түрлерімен айналысып көрдім. Қазір ойлап отырсам, әр түрлі спорт түрінен тәжірибе жинау өте маңызды екен. Себебі әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар, сол арқылы шынығып, өз бағытыңды табуға болады. Менің ең алғаш айналысқан спорт түрім – футбол. Бала кезімнен футболға қызығушылық танытып, жаттығуларға барып жүрдім. Алайда, бір сәтсіз жағдай болып, жарақат алып қалған соң, қазақ күресіне ауыстым. Қазақ күресіне келгеніме себепкер болған алғашқы бапкерім – С.Қапалбайев есімді азамат. Ол кісінің жетекшілігімен екі жылға жуық күреске қатысып, үлкен тәжірибе жинадым. Сол кездері қазақ күресімен айналысып жүргенде, дәл сол спорт залда қол күресі де өтетін. Қызығушылық танытып жүргенімде, бапкеріміз бізге үнемі Кимано ауылындағы жарыстарды мысал етіп айтып отыратын. Күнде сұрап, қызығушылық танытқан соң, қол күресіне ауысып, сол бағытта жаттыға бастадым. Осы қадам өз жолымды табуға үлкен мүмкіндік берді деп ойлаймын. Қазір сол уақыттағы құнды тәжірибелерім осы қызметте үлкен көмек болып отыр.
– Спортшыны қалай шынықтырасыз? Жеңіліс тапқан уақытта қалай демейсіздер?
– Мен спортшыны дайындауда шынықтыру мәселесіне ерекше мән беремін. Спортта жүрген бала кейде бір жеңіліс тапқанда, беті қайтып, барлығын тастап кеткісі келетін, салы суға кететін сәттер болады. Сол кезде оған психологиялық қолдау көрсету өте маңызды. Жеңілген кезде бала өзін керексіз сезініп, спорттан көңілі қалуы мүмкін. Бірақ ол сезімді бәріміз бастан өткергенбіз. Жеңілістің дәмі – ащы. Өз басымнан өткенді айтсам, мен де жарыстан кейін ұйықтай алмай, ой үстінде жүретін кездерім болған. Сол сәттерде бірінші кезекте ата-анамның қолдауы маңызды рөл атқарды. Сондықтан да менің ойымша, кез келген жаттықтырушы ата-анамен тығыз жұмыс істеуі керек. Бұл – жеңіл қарауға болмайтын маңызды мәселе. Қазіргі уақытта WhatsApp, Instagram сияқты байланыс құралдары арқылы ата-анамен тығыз байланыста болуға мүмкіндік бар. Әр бала – жеке тұлға. Мысалы, бала жарыста жеңіліп қалған кезде, жаттықтырушы оны бөлек шақырып, ашық әңгімелесіп, ұрыспай, керісінше жан дүниесін түсінуге тырысуы керек. Жаттықтырушы бірінші кезекте балаға дос бола білуі қажет. Менің тәжірибемде мұндай жағдайлар болған. Ата-ана баласына сенімсіздік танытып, “спортта жүргенше басқа кәсіпке ауыс” деп жатады. Бірақ тура сондай сәтте жаттықтырушының рөлі өте маңызды. Ол ата-анаға дұрыс бағыт-бағдар бере алуы керек. Мысалы, балаңыздың болашағы бар, оған демеу болыңыздар деп айту арқылы ата-ананың көзқарасын өзгертуге болады. Кейде ата-аналар дәл сол сәтте жаттықтырушының сөзіне құлақ асады.
– Жаттықтырушыларға қандай ақыл-кеңес бересіз?
– Ең алдымен, балаға дос бола білуі қажет. Сонымен қатар, жаттықтырушы физикалық дайындықпен бірге, баланың жетістігіне, эмоциялық күйіне де назар аударуы тиіс. Қазір көп жаттықтырушылар залда жұмыс істеп жатады. Бірақ тек жалпы тапсырма беріп, бақылаусыз қалдырмауы керек. Спортшыны жеке бақылау, бағыт беру, әрқайсысымен жеке жұмыс жасау – маңызды әрекеттердің бірі.









