Қаржылық мониторинг агенттігі Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында көпбейінді ауруханаға демеушілік көмек ретінде бөлінген қаражаттың жымқырылуына қатысты тергеу жүргізіп жатыр.
2025 жылыМаңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасы күйік бөлімшесін ашуға демеушілік көмек көрсету туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ға өтініш жасаған. Жобаны іске асыруға 223 млнтеңге бөлініп, оны «ӨзенМұнайГаз» АҚ «Жарылқау» қоғамдық қорына аударған.
Бастапқыда жоба аясында медициналық жабдықтың сегіз түрін сатып алу және мамандарды оқыту көзделген. Алайда кейін жобаның шарттары өзгертіліп, бөлімшені кешенді түрде жабдықтаудың орнына қоғамдық қор, қалалық аурухана және «AKBS Invest» ЖШС арасында жалпы құны 210 млнтеңге тұратын, күйікке шалдыққан науқастарға арналған небәрі екі арнайы кереует сатып алу жөнінде үшжақты шарт жасалған.
Бұл ретте сатып алу заң талаптарын айналып өтіп жүргізілген. Өйткені мұндай бағадағы медициналық техниканы заңнамаға сәйкес Бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алу қажет.
Тергеу дерегінше, заңсыз іске қалалық аурухана директорының орынбасары, «Жарылқау» қоғамдық қорының басшысы, Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары және өнім беруші қатысы бар.
Жабдық сатып алуға небәрі 92 млнтеңге жұмсалған. Тергеу нұсқасы бойынша, қалған қаражат үлестес кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, іске қатысушылар арасында бөлінген.
«AKBS Invest» ЖШС өкілі қылмыстық жолмен түскен қаражатқа елордадан пәтер сатып алып, оны үшінші тұлғалардың атына рәсімдеген.
Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы бойынша лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану дерегімен тергеу басталды.
Үш күдікті қамауға алынды.
Соттың санкциясымен олардың мүлкіне, соның ішінде 3 пәтерге, 2 тұрғын үйге және автокөлікке тыйым салынды.
Тергеу жалғасып жатыр.






