Іс-шараға Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев пен «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мұбарак Жинақбаева қатысты.
Кездесу барысында қатысушыларға этномәдени бірлестіктердің қызметіне, заңды рәсімдерге және жаңа заңнамаға сәйкес құрылтай құжаттарын мемлекеттік тіркеуге қатысты Қазақстан Республикасы заңнамасындағы негізгі өзгерістер түсіндірілді.
Басқосуда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заңға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, заңның 7-1-бабында алғаш рет «этномәдени бірлестік» ұғымы заңнамалық деңгейде нақтыланып, мұндай ұйымдардың атауына, мақсат-міндетіне және құрылымына қойылатын нақты талаптар белгіленгені айтылды.
Сондай-ақ қолданыстағы заң талаптарына сәйкес келетін этномәдени бірлестіктерге өздерінің құрылтай құжаттарын жаңа нормаларға сәйкестендіріп, қажет болған жағдайда 1 қыркүйекке дейін «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» заңға сәйкес қайта мемлекеттік тіркеуден өту қажеттігі түсіндірілді.
Жиында Конституциялық заңның 1 және 12-баптарына сәйкес этномәдени бірлестіктердің Қазақстан Халық Кеңесін қалыптастырудағы маңызды рөлі де атап өтілді. Уақтылы қайта мемлекеттік тіркеуден өту – жай ғана рәсім емес, бұл ұйым өкілдерінің Кеңес жұмысына қатысып, заңның 16-бабында көзделген өкілеттіктері мен заң шығару бастамасы құқығын жүзеге асыруының негізгі шарттарының бірі екені айтылды.
Кездесуде этномәдени бірлестіктердің басты миссиясы – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтау және дамыту екені ерекше атап өтілді.
Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, этномәдени бірлестіктердің өкілдері өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, жаңа заң талаптарын қолдану тәртібі бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстарымен танысты.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды






