Дәрігер тапшылығы, медициналық инфрақұрылымның тозуы және сапалы қызметке қолжетімділік – Жамбыл облысының денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі. «Әділет» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасында осы түйткілдерді шешуге бағытталған нақты міндеттер белгіленген. Партия өкілдері Тараздағы №2 қалалық емхана ұжымымен кездесіп, медицинаны дамытуға арналған бастамаларды талқылады.
Кездесуге партия атынан ұсынылған кандидаттар Айбек Кадралиев пен Нұрлан Ниязқұлов қатысып, медицина қызметкерлеріне өңірлік бағдарламаның денсаулық сақтау бағытын таныстырды. Жиында медициналық көмектің қолжетімділігі, емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық жағдайы және сала мамандарын қолдау мәселелері қозғалды.
Бағдарламада 2031 жылға дейін өңірде екі медициналық нысан салу және бір нысанды жаңғырту, Тараз бен Қордайда инвазивті емес диагностика орталықтарын ашу көзделген. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының кемінде 80 пайызына жылжымалы медициналық кешендер арқылы қызмет көрсету жоспарланып отыр.
Медицина кадрларын қолдау да басым бағыттардың бірі. Бағдарлама аясында 215 медицина қызметкеріне тұрғын үймен қамту, көтермеақы және өзге де ынталандыру шаралары бойынша біржолғы әлеуметтік көмек көрсету, нысаналы резидентура гранттарына кемінде 1,5 млрд теңге бөлу қарастырылған.
«Медицина саласын дамыту – тек жаңа нысандар салумен шектелмейді. Ең маңыздысы – тұрғындардың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру және медицина қызметкерлеріне қолдау көрсету. Өңірлік бағдарламамыз осы міндеттерді жүйелі шешуге бағытталған», – деді «Әділет» партиясының партиялық тізімімімен мәслихат депутатығына кандидат Айбек Қадралиев.
Кездесу барысында медицина қызметкерлері өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Партия өкілдері көтерілген мәселелер өңірлік бағдарламаны іске асыру барысында назарға алынатынын атап өтті.
Дайындаған: «Әділет» партиясы
Жамбыл облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Д. А. Каипов.
Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының
сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігінің сайлау қоры қаражатынан төленді.







