Қасиетті Рамазан айын құлшылықпен, абыроймен атқарып, мүбарак Ораза айт мейрамына да жеттік. Бұл мереке – мейірім мен махаббаттың, ізгілік пен имандылықтың, татулық пен бауырмалдықтың, кішіпейілділік пен кешірімнің салтанат құратын мерейлі мерзімі.
Бүгін облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 6:30-да қасиетті Рамазан айының аяқталуына орай мерекелік Ораза айт намазы оқылды.
Мүбәрак Ораза айт намазына облыс әкімі Мырзахметов Асқар Исабекұлы да қатысып, барша мұсылмандарды ұлық мерекемен құттықтап, ыстық лебізін білдірді.
— Мен барша жамбылдықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтаймын. Рамазан айында мұсылмандар Алланың разылығы үшін ораза ұстады. Ниеттеріңіз қабыл болсын! Сіздерге зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін, — деді аймақ басшысы.
Дәстүр бойынша, қасиетті Құран оқылып, орталық мешіттің бас имамы Данияр қажы Жұмабаев Ораза айт мерекесінің қадір-қасиеті жөнінде және ысырап туралы уағыз айтып, жамағатты ауызбіршілікке және тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қайырымдылық жасауға шақырды.
— Міне, айлардың төресі, күллі мұсылман баласы үшін қасиетті Рамазан айымен қимай қоштасып жатырмыз. Еліміздегі барша мұсылмандар күннің аптапты ыстығына, ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, Рамазан айын жақсы ниетпен, тақуалықпен, оразамен өткізді. Кездескен қиындықтарға сабыр етіп, Жаратушы Иеміздің разылығына ұмтылды. Рамазан – құлшылық пен сабыр, береке мен бірлік, мейірім мен қайырымдылық айы болса, үш күн бойы тойланатын Ораза айт мейрамы – адамдардың көңіліне көктем сыйлап, жанын жадырататын ұлық мереке. Баршаңызды Ислам үмбетінің ең қасиетті де ұлық мерекесі – Ораза айт мейрамымен құттықтаймын! Еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін барша мұсылман шат-шадыман қуанышқа бөленетін бұл мейрам Қазақстан жұртшылығына да құт-береке, ынтымақ, ырыс әкелсін!, — деп ізгі ниетін жеткізді.
Қасиетті Ораза айт намазы оқылғаннан кейін, бас имам Данияр қажы Әлимұхамедұлының құтпа оқуымен жалғасты, артынша бас имам күллі мұсылман қауымының амандығы, еліміз бен жеріміздің тыныштығы үшін дұға жасап, артынан ардақты ақсақалдар батасын берді.
Мешіт ауласында жамағатқа айттық дастархан жайылып, тамақ таратылды.
Орталық мешітке жиналған ағайын бірін-бірі Рамазан айының аяқталуымен құттықтап, екі ғұмырдың жақсылығын тіледі. Айт намазы қала мешіттерінде бір уақытта өткізілді.
«Һибатулла Тарази» мешітінің Баспасөз қызметі