Жамбыл облысы туризм және инвестициялар басқармасының бұрынғы басшысы Ержан Еркінұлы Тәліп Алматы қаласына жаңа қызметке тағайындалды.
2026 жылғы 13 қарашада «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен ол Басқарма төрағасының орынбасары – Басқарма мүшесі қызметіне келді.
Ержан Тәліп Жамбыл облысы туризм және инвестициялар басқармасын биылғы шілдеден қарашаға дейін, яғни шамамен төрт ай басқарды. Бұл басқарма облыстағы туризм әлеуетін көтеру, инвестиция тарту және жобаларды сүйемелдеу бағытындағы маңызды құрылымдардың бірі саналады.
Жаңа басшының қысқа мерзімнен кейін басқа өңірге қызметке ауысуы қоғамдық назар аудартпай қоймайды. Өйткені басқарма жұмысының тұрақтылығы, басталған жобалардың сабақтастығы және инвестициялық бастамалардың жүзеге асуы өңір экономикасы үшін маңызды.
Ержан Тәліп бұған дейін «Turkistan Invest» ЖШС-де басшылық қызметтер атқарып, «Zhambyl Invest» ЖШС Басқарма төрағасы болған. Оның еңбек жолы негізінен инвестиция тарту, экономикалық талдау және инвестициялық жобаларды іске асыру салаларымен байланысты.
Ол 2014 жылы Қытайдың Ухань қаласындағы Хуачжун ғылым және технология университетін «Менеджмент» мамандығы бойынша аяқтаған. Ал 2016 жылы Ресей халықтар достығы университетінде «Құқықтану» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған.
Қазіргі таңда Жамбыл облысы туризм және инвестициялар басқармасына жаңа басшының кім болып тағайындалатыны және бұрын басталған жобалардың одан әрі қалай жалғасатыны өзекті мәселе болып отыр.
Turaninfo.kz редакциясы Жамбыл облысы әкімдігінен басқарма басшысының ауысуына және жаңа тағайындауға қатысты ресми түсініктеме күтеді.







