Бүгінде өңір тұрғындарының спортқа деген қызығушылығы артып, тұрақты түрде дене шынықтырумен айналысатын азаматтардың қатары көбейіп келеді. Қазіргі таңда облыста 520,4 мың адам жүйелі түрде спортпен шұғылданады. Бұл — өңір тұрғындарының 45,4 пайызы. Ал 2026 жылдың басынан бері бұқаралық спортты дамытуға бағытталған 3 215 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 347,8 мың адам қатысты.
Спортпен айналысуға қолжетімділікті арттыруда инфрақұрылымды дамыту маңызды рөл атқарады. Бүгінде облыс аумағында 2 465 спорт нысаны жұмыс істейді. Олардың барлығы тұрғындардың пайдалануына қолжетімді.
Өңірде жаңа спорт нысандарын салу және қолданыстағы нысандарды жаңғырту жұмыстары да қарқын алған. Мәселен, 2025 жылы 10 спорт нысаны пайдалануға берілсе, 2026 жылы тағы 13 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде қазіргі уақытқа дейін 3 нысан ел игілігіне тапсырылды. Жыл соңына дейін тағы 8 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында Тараз қаласында инклюзивті спорт орталығының құрылысы қолға алынбақ. Жобаның жалпы құны – 6,4 млрд теңге. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылы бастап, 2027 жылы аяқтау көзделіп отыр. Орталық ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың спортпен жүйелі айналысуына мүмкіндік беріп, инклюзивті спортты дамытуға серпін бермек. Бұдан бөлек, демеушілердің қолдауымен құны 3,5 млрд теңгені құрайтын Футбол академиясын салу жоспарланған. Жоба жас футболшылардың кәсіби шеберлігін шыңдап, өңірдегі футбол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Қолданыстағы спорт нысандарын жаңарту да назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, «Жастар» және «Ұлан» стадиондары ағымдағы жөндеуден өтіп, олардың жасанды төсеніштері заманауи үлгідегі жабынға ауыстырылды. Сондай-ақ трибуналары жаңартылды. Қазіргі уақытта №7 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы, облыста бұқаралық спортты дамыту, заманауи спорт нысандарын салу және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары қатар жүргізілуде. Бұл бастамалар тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасап, өңірдегі спорт саласының әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Мақала Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды







