Жамбыл облысының мәдени өмірінде кәсіби өнер ұжымдарының орны ерекше. Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әртістері жыл басынан бері концерттік бағдарламаларымен мыңдаған көрерменге жол тартып, шетелдік мәдени іс-шараларда қазақ өнерін танытып келеді. Жыл басынан бері филармония ұжымдары 190 концерт ұйымдастырып, 66 601 көрерменді қамтыған.
Филармонияның шығармашылық ұжымдары өңір тұрғындарына өнер көрсетумен қатар, халықаралық мәдени жобаларға да белсенді қатысуда. 1–10 ақпан аралығында «Ақкербез» би ансамблі Үндістанда өткен қолөнер жәрмеңкесінде өнер көрсетті. Ал 4–5 шілде күндері Ресей Федерациясының Саха (Якутия) Республикасында өткен әлем халықтарының эпикалық мұраларының халықаралық фестиваліне филармония әншісі Бекарыс Көштаев қатысты. Ол Ысыах Олонхо ұлттық мерекесі аясында ұйымдастырылған мәдени шарада қазақ халқының дәстүрлі музыкалық өнерін таныстырды.
Сондай-ақ 8 шілде мен 28 тамыз аралығында «Тараз» циркінің әртістері Мақсат Ишанқұлов пен Данияр Байдәулетов Австрия Республикасында өткен халықаралық мәдени-ойын-сауық бағдарламаларына қатысты. Бұл сапарлар жамбылдық өнерпаздардың кәсіби тәжірибесін кеңейтіп, отандық өнерді шетелдік көрерменге танытуға мүмкіндік берді.
Өнер ұжымдарының шығармашылық әлеуетін арттыруға да басымдық беріліп отыр. 2026 жылдың қаңтар–ақпан айларында филармонияда «ӨНЕРUP» сахна зертханасы жобасы жүзеге асырылды. Жобаның мақсаты – әртістердің орындаушылық шеберлігін жетілдіру, эстрадалық бағыттағы әндердің аранжировкаларын әзірлеу, кәсіби тәжірибе алмасу және сахналық дағдыларды дамыту. Зертхана аясында «Ақкербез» би ансамблі, «Кәусар» вокалдық ансамблі, «Алатау» фольклорлық ансамблі, «Тараз» цирк тобы мен эстрада әншілерінің репертуары жаңартылды. Сонымен қатар дауыс қою, сахна қозғалысы және орындаушылық шеберлік бойынша жұмыс жүргізілді. Мұндай жобалар шығармашылық ұжымдардың кәсіби деңгейін көтеріп, көрерменге ұсынылатын концерттік бағдарламалардың мазмұнын байытуға бағытталған.
Филармония әртістері гастрольдік сапарлар арқылы өңірлер арасындағы мәдени байланысты да нығайтып келеді. Жыл басынан бері Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Мойынқұм және Т.Рысқұлов аудандарында, сондай-ақ Алматы, Жетісу және Қызылорда облыстарында, Алматы қаласында концерттер ұйымдастырылды.
Жамбыл облыстық филармониясының жұмысы концерт санымен ғана өлшенбейді. Өңірдегі мәдени өмірді жандандыру, шығармашылық ұжымдардың кәсіби өсуіне жағдай жасау және ұлттық өнерді халықаралық деңгейде таныту – осы бағыттағы жұмыстың негізгі өзегі. Жергілікті көрерменмен жүздесу мен шетелдік сахналардағы өнер көрсету арқылы жамбылдық әртістер қазақ мәдениетінің бай мұрасын кеңінен насихаттауға үлес қосып келеді.
Мақала Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды







