Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл облысы Әділет департаментінің басшысы Мейіржан Исабеков ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстардың нәтижелерін таныстырды. Заманауи цифрлық технологияларды енгізу арқылы құқықтық және нотариаттық қызметтердің, орындаушылық өндірістің және зияткерлік меншікті қорғаудың қолжетімділігі мен сапасы артып келеді.
Есепті кезеңде еңбеккерлер мен заңды тұлғаларға көрсетілетін қызметтердің басым бөлігі онлайн кеңістікке өтті. Заңды тұлғаларды тіркеуге түскен 742 өтініштің ішінде eGov электрондық үкімет порталы арқылы жіберілген құжаттар саны өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсті. Жалпы көрсетілген 2289 мемлекеттік қызметтің 316-сы электронды түрде жүзеге асырылды. Сондай-ақ АХАТ саласындағы құжаттарды апостильдеу қызметі де цифрлық жүйе арқылы белсенді ұсынылуда, мұнда электронды түрде түскен өтініштер саны 208-ге жетті.
«Цифрлық нотариат» жобасы өңір тұрғындары арасында жоғары сұранысқа ие болып отыр. Жыл басынан бері Жамбыл нотариаттық округінде 4049 онлайн-сенімхат, 1472 онлайн-келісім рәсімделіп, 441 өтініш қашықтан куәландырылды. Сондай-ақ азаматтарға онлайн форматында кеңестер берілді. Бұдан бөлек, тегін заң көмегін көрсету де цифрландырылды: «Е-заң көмегі» жүйесі арқылы құқық қорғау органдарынан адвокат тағайындау бойынша 518 электронды өтініш келіп түсіп, оның 402-сі бойынша қорғаушылар сәтті бекітілді. Әділет департаменті азаматтарға көрсетілетін қызметтерді одан әрі оңтайландыру мен цифрлық форматын кеңейтуді жалғастырады.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды






