Аида Балаева сайлауалды кезеңдегі журналистер мен блогерлердің қызметіне қатысты түсінік берді
Сайлауалды науқан кезеңінде журналистердің, белсенділер мен блогерлердің қызметіне қатысты бірқатар сауал туындап отыр. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналистер мен блогерлердің заңмен белгіленген құқықтары, сөз бостандығы және ақпарат тарату кезіндегі жауапкершілігіне қатысты түсінік берді.
Министр ең алдымен журналистер мен блогерлердің заң шеңберінде кәсіби және қоғамдық қызметін еркін жүзеге асыруға, соның ішінде фото және бейнетүсірілім жүргізуге құқығы бар екенін атап өтті.
Қазақстан Республикасының «Масс-медиа туралы» Заңына сәйкес, журналистер кәсіби қызметі барысында фото-, аудио- және бейнетүсірілім жүргізуге, сондай-ақ ақпарат таратуға құқылы. Сонымен қатар заңнамада адамның келісімінсіз оның бейнесін түсіруге болатын нақты жағдайлар көзделген.
Атап айтқанда, бұл – адамның мәдени-бұқаралық, әлеуметтік маңызы бар, спорттық-бұқаралық іс-шараларға, бейбіт жиналыстарға және өзге де көпшілік іс-шараларға қатысуы немесе сол жерде болуы. Сондай-ақ адамның бейнесі оның қызметтік немесе қоғамдық қызметіне қатысты болған жағдайда, өзі бейнесін ашық дереккөзде жариялаған кезде және қоғамдық тәртіпті қорғау мақсатында бейнесін пайдалану қажет болған жағдайда түсірілім жүргізуге болады.
«Ең алдымен, журналистер мен блогерлердің заң шеңберінде өз қызметін еркін жүзеге асыруға, соның ішінде фото және бейнетүсірілім жүргізуге құқығы бар екенін атап өткім келеді», – деді Аида Балаева.
Әлеуметтік желілердегі аккаунттарды бұғаттау мәселесі
Мәдениет және ақпарат министрі әлеуметтік желілерде бірқатар БАҚ, белсенділер мен блогерлердің аккаунттары жаппай бұғатталып жатқаны туралы ақпаратқа да тоқталды.
Аида Балаеваның айтуынша, журналистер мен блогерлердің кәсіби қызметіне немесе сөз бостандығына негізсіз шектеу қойылды деген пікір туғызатын кез келген әрекет мемлекеттік органдардың беделіне де кері әсер етеді.
«Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желі қолданушыларының, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің аккаунттарын бұғаттамайды. Мемлекет те мұндай әрекеттерге немесе сөз бен пікір еркіндігін шектеуге мүдделі емес», – деп атап өтті министр.
Ол мұндай әрекеттер мемлекет пен оның институттарының беделіне нұқсан келтіріп, қоғам алдында теріс пікір қалыптастыруға пайдаланылуы мүмкін екенін айтты. Сонымен бірге бұл Мәдениет және ақпарат министрлігінің сөз бостандығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысына кедергі келтіретінін жеткізді.
Сөз бостандығы мен жауапкершілік
Министр сайлауалды кезеңде сөз бостандығын қамтамасыз етумен қатар, ақпарат тарату кезіндегі жауапкершілік мәселесіне де ерекше назар аударды.
Оның пікірінше, азаматтардың заңмен кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтары әр адамның өз әрекетіне деген жауапкершілігімен қатар жүруі тиіс. Бұл ретте заң алдында барлығы тең және адамның лауазымы, мәртебесі, кәсібі, қоғамдағы танымалдығы немесе әлеуметтік желідегі жазылушыларының саны заң талаптарын сақтамауға негіз бола алмайды.
«Мемлекет сөз бостандығын, журналистер мен блогерлердің заңды қызметін қамтамасыз етуге және қорғауға міндетті. Ал сөз бостандығы таратылатын ақпарат үшін жауапкершілікті де талап етеді. Бір адамның құқығы екінші адамның құқығын бұзу есебінен жүзеге аспауға тиіс», – деді Аида Балаева.
Министр бұл ұстанымның «Заң мен тәртіп» қағидатының мазмұнымен тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Адал азамат» құндылығы
Аида Балаева қазіргі кезеңде «Адал азамат» құндылығының да маңызы артып отырғанын айтты.
«Бұл өз құқығын ғана емес, қоғам мен мемлекет алдындағы міндетін де түсінетін, заңды құрметтейтін, жауапкершілігі жоғары әрі жасампаз азаматтың бейнесі. Жаңа саяси кезең бізден осындай азаматтық жауапкершілік пен кемелдікті талап етеді», – деді министр.
Оның айтуынша, Қазақстанның жаңа саяси кезеңге қадам басуы жағдайында елдегі саяси және қоғамдық мәдениеттің қалыптасуында азаматтық жауапкершілік маңызды рөл атқарады.
Ақпараттың анықтығы – басты талап
Министр журналистер мен блогерлердің қызметіндегі маңызды қағидалардың бірі – таратылатын ақпараттың анықтығын тексеру екенін атап өтті.
Осыған байланысты әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалардың әкімшіліктерін заңға қайшы контентті дер кезінде анықтап, жою жөніндегі жұмысты күшейтуге шақырды.
Сонымен бірге заңсыз контент пен заңды түрде айтылған пікірдің, кәсіби журналистік қызмет пен қоғамдық пікірталастың аражігін нақты ажырату қажеттігіне назар аударды.
«Заңсыз контентпен күрес сөз бостандығын негізсіз шектеуге әкелмеуге тиіс», – деді Аида Балаева.
Министрдің айтуынша, сөз бостандығы мен жауапкершілік бір-біріне қарама-қайшы ұғымдар емес. Керісінше, олардың үйлесуі азаматтардың құқықтары қорғалатын, заң бәріне бірдей қолданылатын және қоғамдық диалог нақты дерекке, өзара құрмет пен жауапкершілікке негізделетін қоғам қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты Мәдениет және ақпарат министрі БАҚ өкілдері мен блогерлерді тарататын ақпаратқа жауапкершілікпен қарауға, дереккөздерді мұқият тексеруге және масс-медиа, онлайн-платформалар мен сайлау туралы заңнама талаптарын сақтауға шақырды.






