Хакерлер мәтін аудару сервисіне қол жеткізіп, кейбір оқу пәндерінің атауын өзгерткен. Компания пайдаланушылардың деректері зардап шекпегенін мәлімдеді.
BilimClass білім беру платформасының жұмысы кибершабуылдан кейін қалпына келтірілді. Бұл туралы сервис өкілдері Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында хабарлады. Компания 2026 жылғы 29 қарашада сағат 09:00-дегі жағдай бойынша жүргізілген тексеру нәтижелерімен бөлісті.
Платформа мәліметінше, кибершабуыл кезінде белгісіз тұлғалар мәтін аудару сервисіне уақытша және шектеулі қол жеткізу мүмкіндігіне ие болып, кейбір оқу пәндерінің атауын өзгерткен. Олардың әрекеті жедел түрде тоқтатылған.
BilimClass өкілдері бұл оқиғаның пайдаланушылардың жеке деректеріне әсер етпегенін мәлімдеді. Компанияның хабарлауынша, барлық пайдаланушы деректері қорғалған. Қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. Оның нәтижелері туралы қосымша ақпарат берілмек.
Платформа өкілдері пайдаланушылардан кешірім сұрап, сервисті қауіпсіз әрі қолайлы пайдалануды қамтамасыз ету басты басымдық болып қала беретінін атап өтті.
Сондай-ақ туындаған сұрақтар бойынша BilimClass қолдау қызметіне хабарласуға болатыны айтылды.







