Қазақстан Республикасының «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңына сәйкес жылжымайтын мүлікке бірқатар құқықтар мен құқық ауыртпалықтары құқықтық кадастрда міндетті мемлекеттік тіркеуге жатады.
Атап айтқанда, мемлекеттік тіркеуге:
- меншік құқығы;
- шаруашылық жүргізу құқығы;
- оралымды басқару құқығы;
- кемінде бір жыл мерзімге жер пайдалану құқығы;
- үстемдікке ие жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүлік объектісінің пайдасына кемінде бір жыл мерзімге сервитуттар жатады.
Өзге құқықтар құқық иеленушілердің қалауы бойынша тіркелуі мүмкін.
Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу үшін қажетті құжаттардың тәртібі мен тізбесі қолданыстағы заңнамада, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2020 жылғы 4 мамырдағы №27 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларында белгіленген.
Мемлекеттік қызметтердің кең таралған түрлерінің бірі – азаматтық-құқықтық мәмілелер негізінде жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу.
Азаматтардың жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілесін рәсімдеу тәсілін таңдауға құқығы бар. Мәміле нотариус арқылы нотариаттық тәртіппен немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалдары арқылы нотариаттық емес тәртіппен рәсімделуі мүмкін.
Егер мәміле нотариат арқылы куәландырылса, нотариус шартты Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе арқылы тіркеуші органға мемлекеттік тіркеуге жібереді.
Ал құқықтар немесе құқық ауыртпалықтары нотариат куәландырмаған шарт немесе өзге де мәміле негізінде туындаған жағдайда, мәмілеге қатысушылар белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеуге өтініш беруге тиіс.
Жеделдетілген мемлекеттік тіркеу тәртібі
Азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында заңнамада жылжымайтын мүлікке құқықтарды жеделдетілген тәртіппен электрондық мемлекеттік тіркеу мүмкіндігі қарастырылған.
Жеделдетілген электрондық тіркеу құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне мемлекеттік тіркеу үшін ақы төленгені немесе өтініш берушінің ақы төлеуден босатылғаны туралы растау келіп түскен сәттен бастап екі сағат ішінде жүргізіледі.
Сонымен қатар, жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқық ауыртпалықтарын) жеделдетілген тәртіппен мемлекеттік тіркеу өтініш берушінің қалауы бойынша тіркеуші органға өтініш келіп түскен күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірілмей жүзеге асырылады.
Осылайша, азаматтар жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу кезінде заңнамада көзделген тәртіппен жеделдетілген қызмет түрін таңдауға мүмкіндік алады.







