36 жастағы Дилафруздың І топ мүгедектігі бар. Ол жұлын бұлшықет атрофиясымен өмір сүрсе де, екі жоғары білім алып, сүйікті ісін кәсіпке айналдыра білді. Бала күнінен әжесінен үйренген тоқу өнерін кейін өзгелерге үйретуге ден қойып, 2018 жылы гранттық жобаның қолдауымен «Ажур» шығармашылық студиясын ашты. Алғашында әлеуметтік осал топтағы әйелдерді тегін оқытуды мақсат еткен жоба аясында жоспарланған 40 адамның орнына 60-тан астам адам білім алды.
Бүгінде студияда тоқу, сурет салу және қолөнердің түрлі бағыттары бойынша балалар мен ересектер шеберліктерін шыңдайды. Студия құрылған күннен бастап қайырымдылық жұмыстарымен де айналысып келеді. Шеберлер шала туған сәбилерге арналған киімдер мен ойыншықтар тоқып, мұқтаж жандарға тегін таратып келеді.
Дилафруздың өміріндегі тағы бір маңызды белес – бочча спорты. Ол бұл спорт түріне Қазақстанда енді ғана дами бастаған кезде қызығушылық танытып, Таразда арнайы секция ашылған соң жаттығуға кіріскен. Бочча – тірек-қимыл аппараты ауыр зақымданған адамдарға арналған паралимпиадалық спорт түрі. Мұнда дәлдікпен қатар стратегиялық ойлау мен әр қадамды алдын ала есептей білу аса маңызды.
Спорттағы жолы да сәтті басталды. Жаттығуды бастағанына небәрі екі апта болғанда Қазақстан чемпионатына қатысып, жеке және жұптық сайыста алтын медаль иеленді. Кейін Қазақстан Спартакиадасының жеңімпазы атанып, халықаралық жарыстар мен Әлем кубогында ел намысын қорғады. Биыл тағы да Қазақстан чемпионы атанып, ұлттық құрама сапына енді.
Оның ең есте қалған жеңістерінің бірі – Қазақстан чемпионатындағы алтын жүлде. Жарыс алдында мүгедектер арбасы сынып қалып, жұбайымен бірге оны екі тәулікке жуық жөндеген. Астанаға барған соң арбаның дөңгелегі қайта ажырап кетіп, спортшы жарақат алғанына қарамастан жарыс алаңына шығып, чемпион атанды.
Дилафруздың айтуынша, жетістікке жетудің басты кілті – өзіңе деген сенім мен табандылық. Бұл жолда оған ата-анасы мен жұбайы әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Бүгінде ол спорттағы жетістіктерімен ғана емес, қайырымдылық пен шығармашылықты қатар дамытып, қоғамға пайдалы іс атқарып жүрген жан ретінде де көпшілік құрметіне ие.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды






