Жасанды интеллект элементтері енгізілген жаңа сервистер судьяларға сот тәжірибесін жедел саралап, тараптарға даудың ықтимал нәтижесін алдын ала түсіндіруге көмектеседі. Бұл өз кезегінде сот шығындарын азайтып, татуласу рәсімдерінің тиімділігін арттыруға жол ашуда.
ҚР Сот әкімшілігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің мәліметінше, өңірдегі азаматтық істерді қарайтын соттарда Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігі әзірлеген «Азаматтық істер бойынша сот практикасын интеллектуалды талдау» модулі қолданысқа енгізілген.
Жаңа цифрлық құрал азаматтық талап қоюларды қараудың бастапқы кезеңінде татуластырушы судьяларға әдістемелік және талдамалық қолдау көрсетуге арналған. Жүйе бұрын қаралған ұқсас істер мен қалыптасқан сот практикасын автоматты түрде зерделеп, нақты даудың ықтимал нәтижесіне талдау жасайды.
Модульдің көмегімен судья сот отырысы басталғанға дейін талап қоюшы мен жауапкерге ұқсас сот тәжірибесіне сүйене отырып, дауды бейбіт жолмен шешудің тиімділігін түсіндіре алады. Бұл тараптардың өзара келісімге келуіне мүмкіндік беріп, ұзаққа созылатын сот процесінің алдын алады. Сонымен қатар талап қоюшы төлеген мемлекеттік бажды қайтаруға да жағдай жасалады.
Цифрлық сервис даудың ықтимал нәтижесін пайыздық көрсеткішпен болжайды және автоматты түрде PDF форматындағы талдамалық құжатты қалыптастырады. Құжатпен талап қоюшы мен жауапкер алдын ала танысып, өз ұстанымдарын қайта бағалауға мүмкіндік алады.
Жүйенің тағы бір артықшылығы – талап арызды қысқа уақыт ішінде өңдеп, ұқсас сот актілерін адам факторынсыз автоматты түрде іздеп шығарады. Бұл судьяның жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, сот тәжірибесінің бірізділігін сақтауға да ықпал етеді.
Сондай-ақ модуль тараптарға қойылатын сұрақтарды автоматты түрде қалыптастырып, татуластыру рәсімін жүргізетін судьяның жұмысын жеңілдетеді. Нәтижесінде судья тек құқық қолданушы ғана емес, дауды келісім арқылы шешуге көмектесетін медиатор рөлін де тиімді атқара алады.
Мамандардың айтуынша, жүйе ұсынған болжаммен танысқаннан кейін көптеген тараптар сот шығындарын азайту мақсатында өзара келісімге келуге немесе сот дауын жалғастырмауға шешім қабылдайды. Бұл азаматтардың уақытын үнемдеумен қатар, соттардың жүктемесін де төмендетеді.
ҚР Сот әкімшілігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің мәліметінше, аталған модуль өңір соттарының судьялары арасында өзін тиімді цифрлық көмекші құрал ретінде көрсетті. Бүгінде ол татуластыру рәсімдерін жүргізу барысында кеңінен қолданылып, істі мәні бойынша қарауға дейінгі кезеңде өзіндік «сүзгі» қызметін атқарып келеді.
Ведомствоның мәліметінше, модульді пайдалану деңгейі мен қол жеткізілген татуласу келісімдерінің саны бұл цифрлық шешімнің сот жүктемесін азайтуға, азаматтардың сотқа дейін өзара келісімге келу мүмкіндігін арттыруға және құқықтық болжамдылықты күшейтуге оң әсер етіп отырғанын көрсетеді.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды






