Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің мәліметінше, Президенттің «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығының 14-тармағына сәйкес мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту мәселелері бойынша тұрақты мониторинг пен талдау жұмыстары жүргізілуде. Оның аясында мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдері зерделеніп, жұмыс тиімділігіне әсер ететін факторларға талдау жасалады.
Жыл басынан бері табиғи монополияларды реттеу, кәсіпкерлік қызметті дамыту, қаржы секторын дамыту саясаты, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, мемлекеттік активтерді басқару, экономика салаларын дамыту, салық және кеден саясаты, стратегиялық жоспарлау, агломерацияларды дамыту және инвестиция тарту бағыттары қамтылды.
Талдау қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың жұмысын оңтайландыруды қажет ететін 54 әкімшілік кедергі анықталды. Оларды жою мақсатында 150-ден астам ұсыныс әзірленіп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданды.
Сонымен қатар инфрақұрылымдық рәсімдерді цифрландыру және келісу сатыларын қысқарту мәселелері де зерделенді. Мониторинг нәтижесінде 27 әкімшілік кедергі анықталып, оларды жою үшін 72 ұсыныс енгізілді.
Департаменттің мәліметінше, жүргізілген талдау нәтижелері мемлекеттік органдардағы артық рәсімдерді азайтуға, басқару процестерін жетілдіруге және мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Ведомство өкілдері бюрократиялық рәсімдерді оңтайландыруға қатысты мониторинг пен талдау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Бұл мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен тиімділігін арттырып, азаматтар мен кәсіпкерлер үшін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды






