Осы мақсатта Жамбыл облысында жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару және шетелден келген этникалық қазақтарды бейімдеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, жұмыс күші артық өңірлерден азаматтарды қоныстандыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бүгінде Қостанай, Павлодар, Ұлытау, Абай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстары жұмыс күші тапшы өңірлер ретінде айқындалған.
2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша осы өңірлерге Жамбыл облысынан 83 отбасы, яғни 313 адам қоныс аударған. Оның ішінде 12 отбасы (46 адам) – Солтүстік Қазақстан облысына, 20 отбасы (75 адам) – Қостанай облысына, 47 отбасы (176 адам) – Павлодар облысына, 1 отбасы (1 адам) – Абай облысына, 3 отбасы (15 адам) – Шығыс Қазақстан облысына орналастырылды.
Қоныс аударған азаматтардың қатарында еңбекке қабілетті тұрғындар мен жастардың үлесі жоғары. Атап айтқанда, олардың 117-сі еңбекке қабілетті жастағы азаматтар, ал 76-сы 18–35 жас аралығындағы жастар. Сонымен бірге 120 бала мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептерге орналастырылды.
Барлық қоныс аударушылар қабылдаушы өңірлердің өңірлік квотасына енгізіліп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қажетті субсидиялар алды. Сондай-ақ олар жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Өңірде қандастарды қабылдау, орналастыру және жаңа ортаға бейімдеу жұмыстары да тұрақты жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда 514 отбасыдан тұратын 932 адамға қандас мәртебесі берілген. Оның ішінде 743 адам немесе 79,7 пайызы Өзбекстан Республикасынан келген. Сонымен қатар Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қытай Халық Республикасы және Ресей Федерациясынан келген этникалық қазақтар да тарихи Отанына қоныс аударған.
Қандастардың басым бөлігі Байзақ, Қордай аудандары мен Тараз қаласында орналасқан. Атап айтқанда, Байзақ ауданында – 314 адам (33,6%), Қордай ауданында – 188 адам (20,1%), Тараз қаласында – 187 адам (20,0%)тұрады. Бұл аталған аумақтарда еңбек нарығына қажеттіліктің жоғары екенін және қандастарды қабылдау жұмыстарының жүйелі ұйымдастырылып отырғанын көрсетеді.
Жамбыл облысына тәуелсіздік жылдарынан бері қандастарды қабылдау жұмысы жалғасып келеді. 1991 жылдан бүгінгі күнге дейін 19 069 отбасынан құралған 64 635 адамға қандас мәртебесі берілген.
Ал 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін 543 отбасыдан тұратын 978 адам қандас мәртебесін алған. Оның ішінде:
- Өзбекстан Республикасынан – 421 отбасы, 776 адам;
- Қырғызстан Республикасынан – 55 отбасы, 73 адам;
- Түрікменстан Республикасынан – 42 отбасы, 87 адам;
- Тәжікстан Республикасынан – 20 отбасы, 37 адам;
- Қытай Халық Республикасынан – 4 отбасы, 4 адам;
- Ресей Федерациясынан – 1 отбасы, 1 адам келген.
Қала және аудан бөлінісінде қандастардың негізгі бөлігі Тараз қаласы мен Байзақ, Қордай аудандарына қоныстанған. Тараз қаласында 115 отбасы (198 адам), Байзақ ауданында 184 отбасы (329 адам), Қордай ауданында 119 отбасы (198 адам) орналасқан. Сонымен қатар Жамбыл, Жуалы, Меркі, Талас, Рысқұлов, Мойынқұм және Шу аудандарында да қандастар тұрақтап, қоғам өміріне бейімделуде.
Бұдан бөлек, 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін 67 отбасынан тұратын 83 адамның қандас мәртебесі ұзартылды.
Жалпы, өңірде көші-қон саясаты аясындағы шаралар еңбек ресурстарын тиімді бөлуге, азаматтардың жұмыспен қамтылуына жағдай жасауға және тарихи Отанына оралған қандастардың жаңа ортаға сәтті бейімделуіне бағытталған.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды






