«Мал-жан аман ба?» деп амандық сұрасатын қазақ халқы үшін төрт түлік – тіршіліктің өзегі, ырыс пен берекенің белгісі. Сондықтан ветеринария саласы қай кезеңде де ауыл шаруашылығының сенімді тірегі саналып келеді. Мал саулығын сақтау, жұқпалы аурулардың алдын алу, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен халық денсаулығына тікелей әсер ететін маңызды міндет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында еңбек адамының қоғамдағы орнын ерекше атап өтіп:
«Қандай жұмыс істеп жүргенің емес, оны қалай істеп жүргенің маңызды. Әркім өз міндетін адал атқаруы керек», – деген болатын.
Бұл қағида күннің ыстығы мен суығына қарамай, өз кәсібіне адал қызмет етіп жүрген ветеринария мамандарының еңбегімен толық үндеседі.
Өзінің кәсіби біліктілігімен, адал еңбегімен және жауапкершілігімен ел ықыласына бөленген мамандардың өмір жолын насихаттау – кейінгі буынға үлгі болары сөзсіз. Осындай азаматтардың бірі – ветеринария саласының ардагері Серік Тазабеков.
Серік Сапарбайұлы 1987 жылы бұрынғы Жамбыл зооветеринариялық техникумын тәмамдап, еңбек жолын Талас ауданында ветеринариялық фельдшер болып бастады. Жас маман алғашқы күннен-ақ еңбекқорлығы, кәсіби дайындығы және жауапкершілігімен ерекшеленді. Ол мал басының амандығын сақтау, жұқпалы аурулардың алдын алу, ветеринариялық-санитариялық талаптарды орындау бағытындағы жұмыстарға белсене араласып, тұрғындардың сеніміне ие болды.
Жылдар өте келе мол тәжірибе жинақтап, өз ісінің білікті маманына айналды. Қай қызметте жүрсе де ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, эпизоотиялық ахуалды тұрақты ұстауға және жануарлар ауруларының алдын алуға бағытталған жұмыстарды жоғары жауапкершілікпен атқарып келеді. Өз ісіне деген адалдығы мен табандылығы оның кәсіби беделін арттырып, әріптестері арасында зор құрметке жеткізді.
2013 жылдан бері Серік Тазабеков Тараз қаласының ветеринариялық бөлімінде табысты еңбек етіп келеді. Ұжымда ол тәжірибелі маман ғана емес, жастарға бағыт-бағдар беретін тәлімгер, адамгершілігі мол, қарапайым әрі көпке сыйлы азамат ретінде танылған. Көп жылғы еңбек тәжірибесі мен жинаған білімі ұжым жұмысының сапасын арттыруға, жас қызметкерлердің кәсіби қалыптасуына елеулі үлес қосып келеді.
«Ветеринария – халық денсаулығының қорғаны» деген ұстанымды өзінің күнделікті еңбегімен дәлелдеп жүрген Серік Сапарбайұлы үшін әр жұмыс күні – ел алдындағы жауапкершілік. Ол мамандығына деген адалдығының арқасында әріптестерінің де, тұрғындардың да зор құрметіне ие болды. Еңбекте жинаған тәжірибесін кейінгі буынмен бөлісіп, жастардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына үлес қосуы – оның азаматтық болмысының тағы бір айқын көрінісі.
Бүгінде ветеринария саласы заман талабына сай жаңғырып, жаңа технологиялар мен талаптар енгізіліп келеді. Осындай кезеңде тәжірибелі мамандардың ақыл-кеңесі мен кәсіби қолдауының маңызы арта түсуде. Осы тұрғыдан алғанда, Серік Сапарбайұлы секілді өз ісіне адал, мол тәжірибесі бар мамандардың еңбегі әрдайым жоғары бағалауға лайық.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды






